Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі бұл үйдің бой көтергеніне екі жыл да болмаған. Көпқабатты үйге негізінен мүмкіндігі шектеулі жандар мен аз қамтылған отбасылар қоныстанған.
Алғашында жаңа үйге қуана көшкен олар жағымды жаңалықтың көпке бармағанын айтады. Сырты бүтін үйдің ішінде көп ұзамай шикілік шыға бастапты.
Қолаңса иістен қажыдық деген жұрт мұндағы кәріз жүйесіне күмәнмен қарайды. Сөздерінше, құбыр жасауда қателік кеткен. Кесірінен қалдықтар жуынатын бөлмеден көтеріліп, жұрт дәретке отырудан қалдық деп ашынады.
Айта кетейік, 1 және 2 үйдегі мәселе мұнымен бітпейді. Жалдамалы баспанада тұратын ел әлі күнге дейін қолдарына құжат түспегенін айтады. Бірақ, міндетті деп танылған 8000 теңгені үзбей төлеп келеді.
Ал, жауаптылар болса мәселе шешіледі деп сендіріп отыр. Сөздерінше баспанаға арналып жаңа кәріз жүйесі жасалуда. Көп ұзамай оның да құрылысы бітеді деген әкімдік өкілдері осыдан кейін елдің жағымсыз иістен арылатынын айтады.
Еске сала кетейік, Түркістан облысы Түлкібас ауданы Састөбе кентіндегі бұл баспаналар кілтін сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің өзі келіп, салтанатты жағдайға тұрғындарға табыстаған болатын.
Назерке Үкібасова