iKomek: Көмек бар ма?

304

Бұл маңда шымкенттік Ләззат Тоқсейітованың дәмханасы орналасқан. Ал, оның жанындағы аялдама нағыз қоқысхана. Өз кәсібіне кесірін келтірмеу үшін ол жәшіктегі қоқыспен біраздан бері арпалысып келеді. Алайда арнайы шелектің тазаруынан гөрі, толып қалуы тез екен. Болмаған соң кәсіп иесі мәселені  iKomek.-ке айтуды жөн көріпті.

Айта кетейік, орталық жұмысы Шымкентте екі ай бұрын басталған. Содан бері 109 байланыс нөміріне күніне 300 қоңырау келіп түседі. Тұрғындардың ондағы 20 қызметкерге айтатын негізгі мәселесі коммуналдық шаурашылық, жол, білім және қоғамдық көлік тақырыбы.

Тоғжан Маратқызы, орталық маманы: «Бізге денсаулық сақтау саласы бойынша сұрақтар мүлдем келмейді. Оның орнына қураған ағаштар мәселесі өзекті боп тұр. Қала тұрғындары бізге 109 нөмірі арқылы тегін байланысқа шыға алады».

Шағым келген бойда ол тиісті мекемеге хабарланады. Айта кетейік, орталықпен қаладағы 40-қа жуық басқарма мен бөлім жұмыс істейді. Олардан келген жауап көп кешікпей арызданған адамдарға жеткізіледі дейді орталық қызметкері.

Орталық қызметкерлері қоңырауларды тәулік бойы демалыссыз қабылдайды. Осы уақытқа дейін ондағылар 8500 қоңырау қабылдаған. Оның 8000 бүгінде өз шешімін тапқан.

Назерке Үкібасова