Қазақстанда осы уақытқа дейін 1868 педофиль темір торға тоғытылған. Алайда, азғындықтың тиылуына бұл да кедергі болар емес. Қайта арам пиғылды жандар жыл санап артып барады. Қоғамдағы бұл қылмыстың күшеюіне кім кінәлі? Баласын қараусыз қалдырған ата-ана ма, әлде жазасы жеңіл сот па?
Бұл Қарағандының Сәтбаев қаласындағы шу. Өткен аптада орын алған дүрбелең қаршадай қыздың қор болуынан көтерілді. Ересек адамның бала тағдырына таңба салуы Қазақстанда алғаш рет емес. Тіпті соңғы кездері күшейіп барады. Оған еліміздегі педофилдер картасы белгіленген ресми сайт дәлел. Бақылап қарасаңыз бүлдіршін өмірін бүлдірген оларға берілген жаза да әртүрлі. Осыған ашынған жұрт бұл жолы үнсіз қалған жоқ. Азғынды өз қолымызбен жазалаймыз деп шықты.
Еске салайық, арам пиғылды адамдар бұған дейін ары кетсе 10 жылға сотталатын. Бірақ, бала құқығын таптайтын заңның бұл тармағы өткен жылы ғана өзгерді. Енді бала өміріне қол сұққандар 20 жылдан өмір бойына дейін темір торға тоғытылады.
Райхан Тажденова, заңгер: «Өткен жылы кәмелет жасына толмаған балаларға зорлық көрсету заңнамасына өзгеріс енгізілді. Бұған дейін педофилдер қылмысы орта деңгейде болған еді. Президенттің жарлығы бойынша ол ауыр қылмысқа ауыстырылды. Және қылмысты жасырған жандардың да жазасы күшейтілді»
Бірақ, бұл да педофилдерге тоқтау салар емес. Осыған байланысты өткен жылдан бастап азғындарға химиялық кострация жасау басталды. Алайда, урологтар оның да қылмыстың тоқтауына себеп болмайтынын айтады. Өйткені, спирттік ішімдік пен қабілетті күшейтетін дәрі ішсе кастрация күші де жойылады дейді мамандар.
Бақтыбек Жұмашев, уролог: «Кастрация жасау соңғы шешім емес. Яғни, ол арқылы еркектің күші жойылмайды. Егер ішімдік ішсе, берілген химия әсері тоқтайды. Сондықтан қылмыскердің психологиясымен жұмыс істеген жөн»
Ал, психологтар педофилдер көрінген балаға тиіспейтінін айтады. Олар ата-ананың қарауынсыз қалған, отбасында көңіл бөлінбеген балаларды таңдайды екен. Және өз таңдауын бір күнде емес, жоспарлы түрде жасайтынын айтады. Сондықтан, үйдегі ата-аналарға перзентімен дос болуға кеңес береді.
Эльмира Абиева, психолог: «Қылмыскерлер көрінген баланы алып кетпейді. Қараусыз қалған, бақылаусыз қалғандарды ұстайды. Олар өте екіжүзді болады. Кейде арнайы мамандардың өздері педофилдер кінәсін мойындата алмауы мүмкін. Сондай-ақ, оларда бала кезінде психологиялық травма алғандар. Сексуалдық тұрғыда жапа шеккен олар да басқа біреуге жамандық жасағысы келеді. Одан олар ұялмайды. Себебі мейірім жоқ. Ең жаманы сол мейірімнің болмауы».
Осы уақытқа дейін Қазақстанда 1868 педофил сотталған. Өткен жылдың өзінде арам пиғылды 88 адам түрмеге жабылыпты. Ал, оларға химииялық кастрация жасау үшін бюджеттен 9,6 млн. теңге бөлінген.
Назерке Үкібасова