Төселіп жатқан жолдардың сапасы жақсарып келеді

164

Шымкент көшелеріне төселіп жатқан асфальт сапасы жақсарып келеді. Бұл туралы 11-рет рейдке шыққан арнайы мамандар мәлімдеді. Сөздерінше, тексеріс күшейген сайын мердігерлер жұмысындағы кемшіліктер азайып келеді. Айта кетейік, рейд басталғалы мамандар жаңа төселген жолдағы 55 кемшілікті анықтаған. Бүгінде оның 42 қайта түзетіліпті.

Қайрат Шакиров, «Ұлттық сапа» орталығының Шымкент филиалы бойынша сынақ зертханасының меңгерушісі: «Бұрын мердігер мекемелер рейд болмас бұрын қатты көңіл бөлмейтін. Көп кемшілікке мән бермейтін. Қазір бәрі дер кезінде түзеліп жатыр».

Бұл жолы мамандар Нұртас шағынауданындағы Шұғыла көшесіндегі құрылысты бақылауға шықты. Аталмыш көшені бұған дейін де тексерген сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің мамандары мен сынақ зертханасының өкілдері жұмыстың 90 пайызы аяқталғанына куә болды. Айта кетейік, жалпы ұзындығы 3 шақырымды құрайтын бұл жолдың құрылысына бюджеттен 1 млрд. 300 мың теңге бөлінген.

         Назерке Үкібасова