Әншілер фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті

105

Әншілер концертте фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті болады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жеткізді.

Сонымен қатар, министр концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын проблемаларды да жасырмады. Сондай-ақ, сала басшысы орындаушылардың концерттер кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға мас күйде шығу оқиғаларын да бүкпесіз жеткізді. Жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалану фактілері болғанын да ашық айтты.

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Фонограммаларды пайдалану тәртібін заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді».

Мақпал Рысбаева