Мемлекет басшысы «Мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжаттағы ең көп талқыланған жаңалықтардың бірі — фонограмма қолдануға шектеу қою мәселесі.
Енді өнер адамдары концертте жанды дауыста ән айтуы тиіс, ал фонограмма пайдаланған жағдайда айыппұл салынады. Өнерпаздар мен ұйымдастырушылар дайындыққа мұқият қарап, концерт өтетін орындар жанды дауыста орындауға қажетті техникалық жағдай жасауға міндетті.
Алдын ала жазылған әуен, яғни фонограмма қолдануға енді тыйым салынды. Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, концерт кезінде фонограмма пайдалануға болмайды. Тек телевизиялық жазбалар үшін немесе техникалық мүмкіндігі шектеулі арнайы алаңдарда ғана рұқсат беріледі. Сонымен қатар, музыкалық кешке 200-ден астам адам қатысса, әнші міндетті түрде жанды дауыста өнер көрсетуі тиіс. Тыйымды бұзғандарға айыппұл қарастырылған.
АЙБЕК СЫДЫҚОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске фонограммаға тыйым салуға бағытталған жаңа норманы енгізді. Тыйымды бұзғандарға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Тыйымның орындалуын жергілікті атқарушы органдар қадағалайды».
Өнерпаздардың айтуынша, қарапайым тыңдарман фонограмма қолданылғанын әрдайым аңғара бермейді, ал кәсіби мамандар оны бірден ажырата алады. Фонограмма аз күш пен техникалық дайындықты талап етеді. Дегенмен, оны қолдану әртістің талантсыз екенін білдірмейді, алайда сахнада өнерпаз өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды.
МАҚСАТ РЫСЫМБЕТОВ, «ФОНОГРАФ» ТОБЫНЫҢ СОЛИСІ: «Көбіне әртістер фонограмманы пайдаланады: барлық дауысы студияда жазылып, қателері түзетіледі, дыбыс мінсіз естіледі. Ал біз сахнаға шыққан сайын өз өнерімізді дәлелдеуге тиіспіз. Барлығы бірдей жұмыссыз қалады деп ойламаймын, бірақ кейбір әртістер үшін бұл талаптар шынымен қиынға соғуы мүмкін».
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл талаптар жеке іс-шараларға әсер етпейді. Тойларда, мерейтойларда немесе туған күндерде тапсырыс беруші кімнің, қандай форматта өнер көрсететінін өзі шешеді. Ал ірі концерттерге қойылатын талап мүлде басқа. Мамандардың пікірінше, фонограммаға тыйым салынғаннан кейін әртістердің гонорары айтарлықтай өседі деп күтудің қажеті жоқ.
БЕКЗАТ МОЛДАҚҰЛ, ЖҮРГІЗУШІ, ИВЕНТ-АГЕНТТІК ДИРЕКТОРЫ: «Тікелей сахнада жанды дауыспен ән айтатын әртіс пен фонограммаға сүйенетін өнерпаздың айырмашылығы бірден байқалады. Меніңше, егер бұл ережелер қатаң сақталып, айыппұл көлемі 4 миллион теңгеге дейін жетсе, фонограммаға үйреніп қалған кейбір әртістер сахнадан кетуге мәжбүр болады».
Сарапшылардың айтуынша, кейбір концерт алаңдары жанды дауыста орындауға техникалық тұрғыдан дайын емес. Бұл тапсырыс берушілерге қосымша шығын әкелуі мүмкін, себебі сапалы дыбыс аппаратурасы мен арнайы мамандар қажет. Айта кетейік, жаңа норма келесі жылдың ақпан айынан бастап күшіне енеді.
Ботакөз Әнуар






