. ОМектеп сыныптарында кварц шамдары пайдаланылады. Мұғалімдер кварцтау жұмыстары сабақтар аяқталғаннан кейін тек бос сыныптарда жүргізіледі дейді. Бірақ кейбір ата-аналар вируспен күресудің мұндай әдісіне түбегейлі қарсылар кварц шамдары балалар ағзасын зақымдайды деп қорқады. Ал мамандар не дейді?

Биыл мектеп табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары үшін оңай соқпай тұр. Мектепке кіру үшін алдымен олар дезинфекциялық туннельден өтіп, дене температурасын өлшеу керек. Шәкірттер кварцталған сынып бөлмелерінде білім алады.
Алайда кварцтау жұмыстарына кей ата-аналар түбегейлі қарсы.

Светлана Искакова күн сайын мектептің қақпасында өзінің бірінші сыныпта оқитын ұлын асыға күтеді. Сынып бөлмелерінің кварцталатынын естіген ата-анадан маза қашыпты.

Светлана ИСАКАКОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мектептерде кварц шамдарын ұстаудың қажеті жоқ деп санаймын. Қарапайым санитарлық талаптарды сақтау — қолды жуу, туннель арқылы өңдеу және баланың температурасын өлшеу. Осылар жеткілікті. Ал кварц шамдары артық. Біздің балаларымызға бұл әлі де зиян келтіреді».

Кварц шамының ультракүлгін сәулелері вирустар мен бактерияларды өлтіреді. Онымен қоса оттегіні озонға айналдырады. Бірақ озонның жоғары концентрациясы барлық тірі организмдер үшін улы болып табылады дейді сарапшылар.

Дұрыс пайдаланылмаған кварц аз уақыт ішінде ентігу, жөтел, демікпе туғызып, ағзаның ЖРВИ-ге қарсы тұру қабілетін төмендетуі мүмкін деген жорамал да бар. Ал мектептің медицина қызметкері кварцтау жұмыстары кезінде барлық талаптардың сақталатынын айтады. Тазалау жұмыстары күніне үш рет жүргізіледі екен.

Шахиста Ергешова, медицина қызметкері: «Балалар сыныпта кезде кварц мүлде қосылмайды. Бұл олардың көру қабілетіне кері әсер етеді. Кварцтау сынып босаған кезде жасалады. Одан кейін бөлме ішін желдетеміз».

Айта кетейік, жуырда Мәскеу мектептерінің бірінде бірінші сыныптағы 20-дан астам бала кварц лампасынан көз қабыршақтарын зақымдап алған. Бірінші сынып мұғалімі кварц шамын қолданғаннан кейін өшірмей кеткені анықталды.

Мақпал Рысбаева