Кезексіз пәтер алған тұрғындардан пәтерлерді босату жөнінде тілхат алынды

202

 

2017 жылдың желтоқасан айында Түркістан қаласы Отырар мөлтек ауданында жаңадан бой көтерген үйлерде пәтер алу тізімінде өз кезегін ілгерілету үшін үш тұрғын қалалық үй инспекциясы қызметкеріне пара бергені анықталған болатын. Қызметкердің іс-әрекеті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп, заңсыз іс-әрекетке бой берген тұрғындарға да шаралар көрілуде.

Заңсыз іс-әрекеттер арқылы жылжымайтын мүлікке қол жеткізген азаматтарға апта басында сот орындаушылары барып, пәтерлерді босату жөнінде міндеттеме алды.

Тұрғындар бекітілген 10 күн аралығында пәтерлерді босатпаған жағдайда қосымша шаралар көріліп, жауапқа тартылатындығы жөнінде тілхатпен танысып, қол қойды.

Құрметті жерлестер!

Ұзақ уақыт бойы қағаз жүзінде жүргізілген тұрғын үй алуға кезекке қою жүйесі, қазіргі таңда, мемлекет бойынша бірыңғай жүйеге өзгертілген. Бұл жүйе мемлекеттік деңгейде қадағаланып, қандай да күрт немесе себепсіз өзгеріс енгізу мүмкіндігін жоққа шығарып отыр. Осы себепті, кезекке өзгеріс енгізу мүмкіндігі жайлы ұсыныс айтылған жағдайда, ұсынысты алаяқтық ретінде қабылдауларыңызға және заңсыз іс-әрекеттерге жүгінбеулеріңізге кеңес береміз.