Түркістан облысында 1500 шақырымды алып жатқан жол құрылысы басталды. Ол үшін бюджеттен 54 млрд. теңге бөлінген. Жауаптылар сөзінше бұл жолдың өңір үшін ғана емес, халықаралық транзит үшін де пайдасы мол. Іске карантин жеңілдетілгесін кіріскен мамандар жөндеудің қазан айында аяқталатынын айтады.
Талғат Смағұлов, «Қазсавтожол» төрағасының орынбасары: «Қазір істеп жатырмыз. Өткенде жол картасы бойынша қазанның 5-і деп отырмыз. Асфальттарды жауып бітеміз. Қазір жұмыстар толық жүріп жатыр. Тәртіп бойынша асфальттарды қабылдап, жайып жатырмыз».
Түркістан облысындағы Мақтаарал мен Жетісай ауданына баратын жолдар ақыры жөндеу көретін болды. Мұндағы құрылыс жұмыстары төтенше жағдай режимінен кейін басталған. Барлығы 5 нысанның екеуі аяқталып, қалған үш жердегі құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Мейіржан Мырзалиев, ТО әкімінің орынбасары: «Бұл жерде ҚР ең тығыз орналасқан аудандар орналасқан. 700 мың халық. Күнделікті көліктің тығыздығы өте жоғары. Екі жолақты жол. Болашақта А категориясы бойынша жолақтар жүргізіледі. Оны жасаған жағдайда жолдың сапасы жоғарылайтыны сөзсіз».
Жөндеу жұмыстарының басталғанына бәрінен де жолаушылар риза. Сөздерінше, мұндағы тұрғындар құрылыс жұмыстарын талай жылдан бері күткен. Енді міне кедір-бұдыр жолдан құтылып, ақыры сапалы жолда жүреміз деген үмітте.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысы бойынша барлығы 1500 шақырым жол жөнделмек. Оның ішінде елді мекендегі бағыттар да бар. Ол үшін бюджеттен 54 млрд. теңге қаралған. Жоспар бойынша биыл 1200 шақырым жол қолданысқа берілуі керек. Осылайша жауаптылар жол сапасын 75 пайызға арттыруды көздеп отыр.
Ролан Ибрагимов, ТО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Оңтүстік аудандарға көңіл қатты бөлінуде. Сол себепті биыл жоспар бойынша Мақтаарал ауданында жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 90 пайызға дейін жеткізуге меже қойып отырмыз.Ал, Жетісай ауданы бойынша 95 пайызға жеткізу меже қойып отырмыз».
Өңірдегі жол жөндеу жұмыстарының жоспары мұнымен бітпейді. Келесі жылы Түркістан, Шымкент, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысы басталмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілетін жөндеу жұмыстары тағы Арыс және Шарадара жолдарына жүргізіледі.
Талғат СМАҒҰЛОВ, «Қазавтожол» төрағасының орынбасары: «Айналма жол бойынша үш қала Түркістан, Шымкент, Сарыағаш жобамыз «Нұрлы жолға» кіріп отыр. Техникалық-экономикалық жоспардың барлығы дайын. Ендігі жылдан қаржы министрлігімен келісім жасалғаннан кейін, іске кірісеміз».
Жауаптылар құрылысы енді аяқталған жолдардың ақылы болуы мүмкін екенін де жасырмайды. Жалпы жоспар бойынша Қызылорда және Алматы бағытындағы жолдарында жүру алдағы 5 жылда тегін болмауы мүмкін.
Назерке Үкібасова