Шымкент қаласының әкімі Отбасы күнімен құттықтады

1355

ҚҰРМЕТТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫНДАРЫ!
Сіздерді Отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасы Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленген бұл мереке айрықша мәнге ие. Өйткені, жанұя әрбір адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. «Отан отбасынан басталады» дегендей, отбасы институтын нығайту мен оның құндылықтарын насихаттау — қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің, ұлттың бәсекеге қаблетін арттырудың ең тиімді жолы.

Бүгінде елімізде әрбір отбасының ырыс-берекелі әрі бақытты өмір сүруі үшін ауқымды жұмыс атқарылуда. Мемлекет, әсіресе, көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларды өз қамқорлығына алған.

Баспана береке бастауы дегендей, биыл Шымкентте кезекте тұрған азаматтарға 1 144 пәтер беріледі. Соның ішінде 450 көп балалы, 394 әлеуметтік тұрғыда әлсіз отбасы мен 300 жұмыс істейтін жастар бар. Алдағы 5 жылда қалада 3 миллион шаршы метр баспана салынады. Яғни, 47 мың отбасы қоныс тойын тойлайды.

Биыл Шымкентте «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ашылып, оған мереке қарсаңында өз алдына дербес ғимарат берілді. Орталық көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың мүшелерін кәсіптік оқуға жолдап, олардың жұмыс табуы мен өз кәсібін бастауына көмектеседі.

Дана халқымызда «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейтін ұлағатты сөз бар. Әрқашан отбасы институтының ең басты миссиясы — салауатты ұрпақ тәрбиелеу, аға буынның үлгі-өнегесі мен жақсы қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Әке-шешенің басты міндеті — баланы адал, қайырымды, ел мен жерге қызмет ететін отансүйгіш, білімді әрі еңбекқор етіп тәрбиелеу. Сондықтан әрбір ата-ана өз отбасының болашағына және ұрпақ тәрбиесіне аса зор жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Қадірлі шымкенттіктер!

Пандемия бізге қарияларды қадірлеудің, балаларға қамқорлық танытып, жақынымызға жанашыр болудың қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Отбасының ыстық ықыласы мен демеуіне сүйенген адам кез келген қиындықты жеңіп шығады. Олай болса, қазіргі күрделі кезеңде өз отбасымызға көбірек көңіл бөліп, мейірім шуағын төгуге асығайық!

Ырысты күздің алғашқы айымен бірге жеткен Отбасы күні мерекесі әрбір шаңыраққа шаттық пен құт-береке әкелсін! Отбасымыз да, Отанымыз да аман болып, әрқашан көркейе берсін!

Мұрат ӘЙТЕНОВ
Шымкент қаласының әкімі