Шымкентте қатерлі ісіктен күніне 2 адам қайтыс болады

204

Шымкентте қатерлі ісіктен күніне екі адам ажал құшады. Осылай деген еліміздің бас онкологы аталмыш дертке ұшырағандардың күннен күнге артып бара жатқандарын айтады.

Басты себеп тұрғындардың уақытылы тексерілмеуінен. Бұдан бөлек, көп стресс те ісіктің пайда болуына әкеледі дейді Диляра Хайдарова.


Қазақстан сүт безінің қатерлі ісігінен әлемде көш бастап тұр. Осылай деген еліміздің бас онкологы шымкенттіктерді ашық есік күнінде қабылдады. Диляра Хайдарованың айтуынша көрсеткіштің бұлай көбеюіне елдің денсаулығына немқұрайлы қарауы себеп. Кесірінен Шымкент қаласының өзінде күніне екі адам аты жаман аурудан ажал құшады.


Диляра Хайдарова, «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының» директоры: «Қазақстан сүт безінің қатерлі ісігінін әлемде бірінші орында тұр. Тіпті соңғы жылдары аты жаман ауру 30 жасқа толмаған қыз-келіншектерден де анықталып жатыр. Аурудың пайда болуына тұқымқуалаушылық, стресс немесе горманалды өзгерістер себеп болады. Бұдан бөлек аурудан қорқып тексерілуге де келмейтіндер көп. Кесірінен дертті асқындырып дәрігерге келеді. Ал, оның соңы өліммен аяқталады».

Осылай деп дабыл қаққан Қазақстанның бас онкологы тұрғындарды ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге шақырады. Сөзінше, аталмыш дерт неғұрлым ертерек анықталса, оны жеңу де оңайға түседі. Диляра Хайдарованың бұл сөзін қаланың бас дәрігері Дәулетбек Жұмағалиев те қуаттап отыр.

Айта кетейік, қатерлі ісік әсіресе солтүстік және шығыс Қазақстан тұрғындарынан анықталады екен. Себебі мұндағы жұрт аурудың алдын алу үшін қабылдауға тұрақты түрде келіп отырады дейді Қазақстанның бас онкологы.

Назерке Үкібасова