Шымкентте тағы бір гүлзар салынып жатыр

338

Шымкент күннен күнге көркейіп келеді.  Тозығы жеткен көше жолдары жөнделіп, ескірген көпқабатты үйлердың қасбеті жаңалануда. Сонымен қатар, қалалықтардың тынығатын сүйікті демалыс орындары керемет гүлзарлармен толығуда.

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты 8-ші шағынауданындағы мына аумақта гүлзар пайда болады. Шаң тозаңы шыққан нысанда техникалардың көмегімен көгал отырғызуға жеткізілген топырақ тегістеліп жатыр. Жобалық -сметалық құжат бойынша мұнда жаяу жүргіншілер жолы да, демалатын орындықтар да қарастырылған.

Жұмысшылар 90 -жылдардан қараусыз қалған аймақты қоқыстан тазалау оңайға түспегенін айтады. «Екі жеті бұрын бастауын алған құрылыстың осындағы тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып отырғанын түсінеміз, сәл сабырлық танытса қарашаның соңына дейін гүлзарды пайдалануға тапсырамыз»,- дейді олар. Ал осы маңайда тұратындар құрылыстың аяқталуын тағатсыздана күтуде.
Валентина Денисова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Естідім демалатын орын болады екен. Жақсы. Әйтпесе, ойлап едім қайтадан коммерциялық дүңгірешктерді салып тастайды деп. Емханаға барған сайын өзгерістерді байқап жатырмын. Біз зейнеткерлерге жасыл желекке оранған тынығатын демалыс орындары көп болса, айналада немерелеріміз ойнаса болғаны».

Шымкент республикалық маңызды қала мәртебесіне ие болғаннан бері қала аумағында өзгеріс көп. Жасыл қала атауына лайықты болу бағытында жұмыстар қарқын алып, демалыс орындарының қатары толығып жатқаны қуантады,- дейді шымкенттіктер.

Шынар Оразова