Түркістан облысында кей жолдар ақылы болады

315

1 шақырым жол — 1 теңге. Келесі жылдан бастап өңірдегі кей жол бөліктері ақылы болады. Бұл туралы «Қазавтожол» мекемесінің өкілдері мәлімдеді. Кім қанша төлейді? Қаражат неге жұмсалады?

Алдағы жылы Түркістан аумағындағы 300 шақырым жолдан өту үшін көлік иелері ақы төлейді. Жеңіл автокөлік иелері үшін бұл төлем әр шақырымға 1 теңге болмақ. Ал ауыр жүк көліктерінің ақысы әзірге белгісіз. Салаға жауаптылар ауыр техникалардың жүру құны санаты мен салмағына қарай белгіленеді дейді.

Ерлан КЕНЖЕХАНОВ, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК Түркістан филиалы директорының орынбасары: «Біз халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осыған байланысты қоғамдық тыңдау өтеді. Кей аумақтарға қазірдің өзінде аркалар қойылып қойды. Мұны елрдалық компания іске асырып жатыр».

Төлем қабылдайтын бекеттердің құрылысын жеке инвесторлық компания қолға алып отыр. Жылдың соңына дейін Шымкент-Жібек жолы автотрассасы бойынша жол жүру ақысын енгізу жоспарланған. Әзірге төлем терминалдары бар үш арка тестілік режимде жұмыс істейді және тек жүк автокөліктерінің жүргізушілеріне ғана жол жүру ақысын төлеуге тура келеді.

Қаржы жолдарды күтіп ұстауға және инфрақұрлымдық жүйені жақсартуға жұмсалады. Жол ақысын арнайы терминалдарда мобильді платформалар арқылы төлеуге мүмкіндік туады. Жол жүру бағасы қарашаға қарай нақтыланатын болады.

Мақпал Рысбаева