Мәжіліс депутаттары еліміздегі томотерапия қызметінің болашағына алаңдаулы. Себеп — қаржыландыру жүйесіндегі өзгерістер. Бұрын жекеменшік клиникаларда тегін жүргізілген бірегей ем енді қолжетімсіз болуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, тарифтерді азайту ем сапасын төмендетіп, ядролық медицинаның дамуын шектейді.
Денсаулық сақтау министрлігі томотерапияның қаржыландыру тәртібін жаңартты. Енді бұл әдіс жоғары технологиялық медициналық көмек санатынан алынып тасталды, сәйкесінше төлем де клиникалық-шығындық топтар тетігі арқылы қаржыландырылмақ. Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау бұл бекітілген жаңа тариф онкологиялық дертті емдейтін қымбат қондырғылардың шығынын жабуға қауқарсыз дейді.
НҰРГҮЛ ТАУ. ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Тарифті азайту туралы шешім ешқандай талдаусыз қабылданған. Бұл инвесторлармен жасалған келісімге де қайшы. 2026 жылға томотерапия үшін бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінгенімен, оның қалай жұмсалатыны белгісіз болып тұр. Егер бұл мәселе шешілмесе, жыл сайын 600-ге жуық науқастың өмірі қыл үстінде қалуы мүмкін».
Томотерапия — қатерлі ісікті емдеудің ең заманауи тәсілі. Бұл әдіс сәулені ісікке ғана бағыттап, сау мүшелерге зақым келтірмейді. Қазақстанға бұл озық технологияны жеке инвесторлар жеткізді. Олар кадрларды даярлап, қымбат аппараттарды орнатты. Нәтижесі де жоғары. Мәселен, елімізде қатерлі ісікке шалдыққандардың орташа өміршеңдігі 65 пайыз болса, томотерапия арқылы бұл деңгей 80 пайызға дейін көтерілген. Және бұрын бұл қызмет халыққа мемлекет есебінен тегін көрсетіліп келді.
ЕРЖАН ШАЯХМЕТОВ, «ҮМІТ» ТОМОТЕРАПИЯ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Егер бұрын айына 60-қа жуық науқасқа көмектессек, қазір ақылы түрде ем алуға небәрі 7-8 адамның ғана шамасы жетеді. Халық үшін бұл өте қауіпті, себебі технологияның құны тым жоғары. Біз бұл жобаға қаншама қаржы құйдық, мамандар даярладық. Қазір еліміз бойынша осындай 5 бірдей бірегей аппарат жұмыссыз тұр деуге болады».
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер денсаулық сақтау жүйесіндегі жалпы қаржы тапшылығына байланысты болуы мүмкін. Соның салдарынан министрлік шығындарды оңтайландыруға мәжбүр болып отыр
ҚАЙЫРҒАЛИ КОНЕЕВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы ашып айтпағанымен, логика қарапайым. Бұл — медицина саласындағы қаржының аса қатты жетіспеушілігінен болып отыр. Іште бәсекелестік болсын. Неге онкологиялық науқастарды тек мемлекеттік мекемелер ғана емдеуі керек? Жекеменшік құрылымдар да емдесін».
Сарапшылар томотерапияны тегін емдеу тізіміне қайта қосуды және тарифтерді нақты шығындарға қарай қайта есептеуді талап етіп отыр. Олардың пайымынша, тек осылай ғана заманауи ем сапасын сақтап қалуға болады.
Ботакөз Әнуар






