Түркістан облысында праймеризге жастар белсенді қатысуда

266

 

Елімізде партияішілік іріктеу — праймериз басталғалы бері ел ертеңіне бей-жай қарамайтын азаматтар қатары көбейді. Аталған бастамаға әсіресе жастар жағы белсенді қатысуда.

Жиырмадан асқан қыз-жігіттер партияішілік іріктеуді қоғамның өзекті мәселелерін жан-жақты зерттеуге, елдің дамуын талқылауға жасалған зор мүмкіндік деп түсінеді. Ең бастысы жастардың мәселесін көтеріп, ұсыныстар айтуға болатынын айтады. Себебі, бүгінгі күні жастарды жұмыспен және тұрғын үймен қамту мәселелері өзектілігін жоғалтпай отыр. Оларды шешудің жолдарын қарастыру, жастардың жоғары білім алуына жағдай жасау маңызды екені белгілі. Өз кезегінде өңірдің танымал тұлғалары да, зиялы қауым өкілдері де бұл бастаманы ерекше қолдайтынын айтады.

Досыбай Шерімқұлов, Қоғам қайраткері

«Сайлауалды іріктеуге жаңа тұлғалар, белсенді әрі жанашыр азаматтар шыққаны көңіл қуантады. Әсіресе қоғамдағы ең үлкен бір шешуші күш бұл енді жастар деп айтар едім. Біз қазір жастарға сенім артқан үлкен бір қоғам болып отырмыз. Олардың бағдарламасымен танысқанда, көптеген қоғамдағы өзекті проблемаларды, көкейкесті мәселелерді көтергенін көріп қуанып қалдым. Елдің мұң-мұқтажын көтере алатын, олардың оң шешілуіне атсалысатын жастарға мүмкіндік беруіміз керек деп ойлаймын», — дейді қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов.

Ал, өңірдің дамуына өз үлесін қосқан кәсіпкерлердің бірі, облыстық мәслихаттың экс депутаты Рәшкүл Оспаналиеваның пікірінше, праймеризге әсіресе халықаралық деңгейде білім алып, озық елдердің тәжірибесін меңгерген азаматтардың қатысуы көңіл қуантады. Әсіресе, облыстық мәслихат пен парламенттегі депутаттардың қатарын дамыған елдерде тәжірибесін шыңдаған, бірнеше тілдерді меңгерген мамандардың толықтырғаны көп пайдасын тигізері сөзсіз. Себебі, парламентте отырып, түрлі заңдарды талқылау барысында бірқатар мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ондағы заңдардың тиімді тұстарын пайдалану елімізге аса қажет екені белгілі. Бұл ретте кәсіпкер Жетісай ауданынан праймеризге түсіп жатқан Серік Оңалбайұлын ерекше айтып өтеді.

Рәшкүл Оспаналиева, облыстық мәслихаттың экс-депутаты

«Серік Оңалбайұлы Ұлыбритания елінде жоғары білім алып, ғылыми еңбегін сонда қорғап келген. Бұл азамат дамыған елдің мемлекеттік басқару саласын жетік меңгеріп, тәжірибесін шыңдағаны белгілі. Оның үстіне тек шетелде оқып, тіл үйреніп қана қоймай, қазір ауыл жастарының жоғары білім алуына, белгілі бір мамандықты заман талабына сай меңгеруіне атсалысып жүр. Ол ауылдың мәселесін, шешімін таппай отырған проблемаларын жақсы біледі», — дейді Рәшкүл Оспаналиева.

Экс — депутаттың сөзінше, ауылдан шыққан маманның парламент қабырғасында отырғаны құба құп болады. Өйткені көзі ашық, көкірегі ояу бұл азамат елдімекендердегі көпбалалы отбасылардың, көмекке мұқтаж жанұялардың, қарапайым шаруалар мен жергілікті халықтың мәселесіне қанық. Ол ауыл тұрғындарының жылдар бойы қордаланып келе жатқан проблемаларының оң шешілуіне өз үлесін қосатын болады.