Зейнетақы жинағын кімдер пайдалана алады?

105

Мемлекет қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері енді шетелден есепшот аша алмайды. Бұл туралы үкімет отырысында Қаржы министрі мәлімдеді.

Ал, қызметіне бүгін ғана кіріскен Цифрлық даму министрі болса, жыл соңына дейін елді сапалы интернетпен қамтуға уәде берді. Осылайша Үкімет мүшелері Президент жолдауын іске асыруға кірістік дейді.

Күні кеше ел Президенті экономиканы аяқтан тұрғызуды Үкімет мүшелеріне міндеттеген еді. Мемлекет басшысының мұндай пәрменіне ведомство өкілдері сақадай сай болып шықты. Себебі бүгін өткен Үкімет отырысында алдағы жоспар тізбектелді. Тіпті, жауаптылар дағдарысқа ұшыраған кәсіпорындарды қолдау үшін 200 млрд теңге бөлуге дайын екендерін жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет қызметкерлерінің қаражаты далаға кетпеуін де қадағалайтын болды.

Әлихан Смайлов, ҚР Қаржы министрі:»Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында министрлік басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді шаралар өткізуде. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жоспар өзектендіріледі. Бұл ретте фатф (FATF) ұстанымы бекітіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салуды енгізу».

Айта кетейік, бүгін еліміздің Цифрлық даму министрі тағайындалды. Бұл орынға 37 жастағы Бағдат Мусин отырды. Жаңа қызметіне енді кіріскен министр жыл соңына дейін елді сапалы интернетпен қамтимын деп қамданып отыр. Ол үшін 300 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму министрі: «Қазақстандықтарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша екі ірі жоба бар. Ауылдарға оптикалық желілердің құрылысы және мобильді кең жолақты интернетті тарату. Осы жұмыстарды жыл соңына дейін операторлармен бірігіп, аяқтайтын боламыз».

Бағдат Мусин еліміздегі 250 тұрғыны бар барлық ауыл сапалы интернетпен қамтылады деп уәде берді. Ал, халықты Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі болса, зейнетақы жарнасынан пәтер алатындар туралы айтты. Сөзінше, бұл тізімге елдегі 721 мың азамат іліккен.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау министрі: «Бүгінге мақұлданған тұжырымдамалық шешімі бар аталған мақсатта өз жинақталған зейнетақыларын алуға 721 мың адамның мүмкіндігі болады. Шамамен 1,4 трлн теңге көлемінде. Оның ішінде жеткілікті шегінен асатын зейнетақы жинақтары бар 530 мыңнан астамы жұмыс істейтін азаматтар. 178 мыңы жинағы бар зейнеткерлер. Және 13 мың ануитет төлемшарт жасасқан алушылар».

Бұдан бөлек, жауаптылар 100 мың адамға үй салу үшін жер беруді көздеп отыр. Еске сала кетейік, ел Президенті кеше ғана «Нұрлы жер» бағдарламасының шарапатын көретіндер саны көбейсін деген тапсырма берген болатын.

Назерке Үкібасова