Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің құрылғанына биыл — 1 жыл. Осы мерзімде атқарған жұмысы мен міндеті жайлы департамент басшысы брифинг барысында баяндап берді.
Былтыр сала мамандары тарапынан 12 тексеру жұмыстары жүргізіліпті. Нәтижесінде, 6 нұсқама беріліп, 400 мыңға жуық теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Айта кететін жәйт, өрескел заңбұзушылықтарға тауарлар, тағамдар мен құрылыс материалдарының стандарттарын қадағалайтын мекеменің мамандары жол берген.
Бастарбек Есқараев, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы: «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы АҚ ОҚО филиалына қатысты көрсетілген заңбұзушылықтар бойынша басшыға нұсқама, ал заңбұзушылыққа жол берген сарапшы-аудиторлар Орын мен Турабаевқа қатысты аттестаттарын алты ай мерзімге тоқтата тұрып, әкімшілік айыппұл салынды».
Сала басшысы аталған заңбұзушылақтардың алдын алу мақсатында карантин шаралары аяқталған бойда тескеру шаралары жалғасатынын атап өтті. Техникалық регламенттер мен стандарттардың мемлекеттік қоры 55 мыңға жуық аталымға жетеді.
Олардың 20 мыңнан астамы мемлекеттік стандарттар, 8 мыңнан астамы халықаралық, 11 мыңы шетелдердің ұлттық стандарттары және 11 мыңға жуығы Қазақстанның мемлекеттік стандарттары екен.
Шынар Оразова