Түркістан облысы бойынша 1600-ден астам қыз-келіншек сүт безінің қатерлі ісігімен тіркеуде тұр. Осылай деген облыстық аурухана дәрігерінің орынбасары аты жаман ауру 9 айдың ішінде 138 түркістандықтан табылғанын айтады.
Омырауынан ісік анықталған науқастардың ең кішісі 22 жаста. Қатерлі дерттің жыл санап жасарып бара жатқанын айтқан ақ халаттылар тұрғындарды тексерістен өтуге шақырады.
Шымкенттік Рабия Искакова облыстық онкологиялық аурухана ұйымдастырған ашық есік күніне арнайы келген. 54 жастағы қала тұрғыны аурудың алдын алғанды жөн санайды. Сондықтан да екі жыл сайын скринингтен өтуді әдетке айналдырған. Сөзінше, соңғы жылдары белең алған қатерлі ісікке бей-жай қараудың соңы, қайғыға әкелуі мүмкін.
Рабия Искакова, қала тұрғыны: «Екі жыл сайын осылай тексерілуге келіп тұрамын. «Сақтансаң сақтаймын» деген. Сондықтан да денсаулыққа бей-жай қарауға болмайды. Оның үстіне қатерлі ісік қазір өршіп тұр».
Қала тұрғынының бұл сөзімен облыстық аурухананың бас дәрігер орынбасары да келіседі. Онкологтың айтуынша, аты жаман ауру 9 ай ішінде 138 түркістандықтан табылған. Науқастардың 73 пайызында дерт бірінші және екінші сатысында болса, 24 пайызында үшінші және төртінші сатысында. Айта кетейік, 2000 жылы сүт безінің қатерлі ісігі сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының 140 азаматынан анықталған.
Марат ТҮСІПБЕКҰЛЫ, Түркістан облыстық онкологиялық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: «Түркістан облысы бойынша қазір 1600-ден астам адам сүт безінің қатерлі ісігімен тіркеуде тұр. Оның жартысынан астамы 5 жылдан артық өмір сүріп келеді. Қайта бүгінде денсаулығына алаңдаушылар көбейді. Аурудың алдыңғы сатыдан анықтап жатырмыз».
Өңір бойынша дерт әсіресе Сарыағаш, Мақтаарал және Түркістан қаласының тұрғындарынан жиі анықталады. Осылай деп дабыл қағып отырған ақ халаттылар қатерлі дертпен 11 мың түркістандықтың алысып жүргенін айтады.
Назерке Үкібасова