«Отырар» телекомпаниясының редакциясына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды.

Марина Масленникованың айтуынша оның мүгедек баласына, 7 айдан бері жөргек берілемуде. Бұрын ешқандай проблема болмайтын, күрделік биыл басталды. «Алда қыс, коммуналдық шығындар көбейді, өмір сүруге қаржыны әзер табудамын»деп ашынады ана.

Күніне үш жөргек. Осының өзі де бар болса Марина Масленникованың 23 жастағы ұлына жететін еді. Данил бала кезінен сал ауруына шалдыққан. Бұрындары жөргектерді шымкенттік тұрғын тегін алатын. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі ұлы мемлекет тарапынан берілетін гигиеналық затпен қамтамасыз етілуі тиіс. Соңғы 7 айда ол жөргекті Данилдың жәрдемақысына сатып алуға мәжбүр.

Марина МАСЛЕННИКОВА, Данил Масленниковтың анасы:» Жылдың басында бізге қажетті заттарға интернет арқылы тапсырыс жасайсыздар, сосын сіздерге жеткізіп береді деген. Біз күттік. Бірақ ешқандай зат бізге жеткізілмеді. Сәуірде жөргектерді бір дүкеннен аласыңдар деді. Сол соңғы тегін берілген гигиеналық зат болды».

Данилға бір айға кемінде 90 жөргек керек. Бұл үш бума. Олардың әрбірінің құны шамамен 4500 теңге төңірегінде. Бір айда тек гигеналық зат үшін 13 500 теңге қажет. Марина ұлына берілетін 62 мың теңге жәрдемақының басым бөлігін жөргектен бөлек препараттар сатып алуға және тамаққа, коммуналдық төлемдерге жеткізуі керек. Оған қоса ұлын аяққа тұрғызу үшін массаж да қажет.

Марина Масленникова, Данил Масленниковтың анасы: «Жауаптыларға күнделікті хабарласатынмын. Қазір олар тұтқаны көтеруден қалды. Алдын 10 қыркүйекте жөргек береміз деді, сосын 15-іне, кейін 20 қарашада деді. Алайда күмәнданамын. Азық-түлікке, ұлымның дамуына жұмсалуы тиіс қаражатқа мен жөргек сатып алуға мәжбүрмін».

Соңғы кезде Марина тауар сатып қосымша қаржы тауып келеді. Алайда ол да мардымсыз. Қалалық мүгедектер қоғамындағылар гигиеналық заттың берілмеуі мемлекеттік тапсырыс конкурстарының кеш өткізілуінен деп отыр.

Вадим ТОРОПОВ, Шымкент қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы: «Пандемияға  байланысты мемлекеттік тапсырыс конкурстары кешіктірілген. Сондықтан оңалтуға арналған құрылғылармен қамтамасыз ету созылып кеткен. Жақында маслихаттың сессиясы өтеді, сонда қосымша қаржы бөлінеді. Жылдың соңына дейін азаматтар қажетті гигиеналық заттарды алады».

Данилдың анасы Марина Масленникова кешірек жағымды жаңалығымен бөлісті. Айтуынша, кешкі уақытта ұлына әлеуметтік қорғау басқармасындағылар 5 бума жөргек жеткізіліпті. Бұл гигиеналық заттар бір жарым айға жетеді дейді Шымкент тұрғыны.

Шынар Оразова