Карантин кезінде жүкті әйелдер саны артты

92

«Карантин кезінде Шымкентте жүкті әйелдер саны артқан». Осылай деген қалалық перзентхана дәрігері бала туу көрсеткішінің де көбейгенін айтады.

Демографияның өсуіне үлес қосу Түркістан облысында да байқалады. Онда сәбилердің өмірге келуі 25 пайызға көбейген. Осылай деген ақ халаттылар ана атануға карантиннің кедергі болмағанын айтады.

Карантин – ана атануға кедергі емес. Қайта төтенше жағдай режимі басталғалы Шымкентте жүкті әйелдердің саны артқан. Бұл туралы қалалық дәрігерлер мәлімдеп отыр. Мәселен өткен жылдың 10 айында Шымкент бойынша 25 271 келіншек жүктілікпен тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1424-ке өскен. Яғни, қала бойынша жыл басынан бері 26 695 аяғы ауыр келіншек тіркелген.

Мәдина КЕНЖАБАЕВА, Шымкент қалалық перзентхананың бас дәрігері: «Туулар көбейіп жатыр. Есепке алу көбейгенге қарағанда карантин оң нәтижесін беріп жатыр ғой енді. Жүктілер көбейіп жатыр. Ковидтен қорықпай-ақ, әйелдер көтеруге, тууға ықыласы көп».

Жүктіліктен бөлек, карантин басталғалы Шымкентте бала туу көрсеткіші де артқан. Мәселен, өткен жылдың 10 айында үшінші мегаполисте 23 392 сәби дүниеге келсе, биыл бұл көрсеткіш 25 160-қа жетіпті. Баласын карантин кезінде босанғандардың бірі – Индира Жұмабекова. 4-ші рет ана атанған ол құрбыларының да арасында сәби күтіп жүргендердің көп екенін айтады.

Индира ЖҰМАБЕКОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Иә, карантин кезінде аяғы ауыр келіншектер өте көп қазір. Құрбыларымның да арасында бар. Негізі баста қорқыныш болды кішкене. Аурудан барынша қорғанып жүрдім».

Ел демографиясының өсуіне биыл түркістандықтардың да қосар үлесі аз болмайтын сыңайлы. Күнгейде жыл басынан бері 53 662 келіншектің жүктілігі анықталған. Бұл өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 6189 әйелге көп көрсеткіш. Осылай деген облыстық ақ халаттылар бала туудың да аймақта 25 пайызға артқанын айтады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысында 50 202 сәби дүниеге келсе, ал Шымкентте 25 160 бала жарық дүние есігін ашқан.

Назерке Үкібасова