Қару-жарақ ұрланған әскери бөлім командирі 10 жылға сотталды

245

Бүгін үш айға жалғасқан сот тергеуі ақыры аяқталды. 10/264 әскери бөлімінің командир міндетін атқарушы Ержан Даутов кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айрылды.

Оның үстінен 5 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Және қол астында жұмыс істеген әскери қызметкерлер командирден көрген қорлығын сот алдында жіпке тізгендей айтқан еді. Бірі сыйақы алғаны үшін басшыға 30 мың теңге бердім десе, бірі жұмыста қалуы үшін 100 мың теңге беруге мәжбүр болғанын айтқан еді. Ол аздай тағы бір жәбірленуші өзін Ержан Даутовтың ұрғанын айтып, кесірінен көкбауырынан айрылғанын жеткізді. Және сот алдында 20 млн. теңге өтемақы сұрады.

Алайда, бүгін өткен соңғы сот отырысында оған моральдық және материалдық шығынын өтеуге шешім шығарылмады. Әйтсе де, азамат Алпысбайдың арызы жерде қалмады. Және атышулы әскери бөлім командирі жазадан құтылған жоқ. Енді ол алдағы 10 жылын қауіпсіздігі орташа деңгейлі мекемеде өткізеді. Және мойор шенінен айрылды.

Айта кетейік, Ержан Даутовты бұған дейін қару ұрлады деп сотталған Абылай Балғынбай ұрлық жасауға жұмсады деп жариялаған болатын. Және өзіне бірнеше рет ұялы телефон нөмірлерін алғызып, ақша сұрағанын да айтқан еді. Алайда 10 жылға бас бостандығынан айрылған соң Балғынбай бұл арыздарының бәрінен бас тартты.

Ержан Даутов 1980 жылы Созақ ауданында туған. Кәмелетке толмаған 3 баланың әкесі.

Назерке Үкібасова