«Соғым басталғалы мал ұрлығы көбейді»

189

Түркістан облысы, Кентау қаласында 19 рет мал ұрлаған қылмыстық топ құрықталды. Осылай деген Ішкі істер министрлігінің өкілдері барымташылықтың Батыс Қазақстанда да тыйылмай тұрғанын айтады.

Онда тағы бір қылмыстық топ 54 рет мал ұрлап ұсталған. Жайылып жүрген малға қырғидай тиген олар осы уақытқа дейін 170 мал басын қолды қылған екен.

Осылай деп дабыл қаққанымен полицейлер 5 жылда мал ұрлығының 42 пайызға азайғанын айтады. Мәселен, 2015 жылы мал ұрлығының 8000 жағдайы тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш тек 4000-ды құраған екен. Ал, өткен аптада мал ұрлығына қатысты 251 жағдай анықталған. Салдарынан 229 күдікті ұсталыпты.

Думан ТАЕВ, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы: «Малдың қадағалаусыз жаю жағдайы көп. Көбінесе мал иелері малдарын шығарады да, одан кейін малдарына қарамайды. Бір-екі аптадан кейін малдарын санап қараса, тезірек ашуға болады. Уақыт өткесін іздей бастады. Уақыт өткізіп алады».

Жалпы өткен жетіде Қазақстан бойынша 3139 қылмыс анықталған. Оның 12-і адам өлтіру болса, 4-уі қасақана денсаулыққа зиян келтіру, тағы 4-уі тонау және 486-сы ұрлық. Елімізде жол тәртібін бұзу да тыйылмай тұр. Бір апта ішінде 40577 рет жол ережесі бұзылған.

Нұрділдә ОРАЗ, ҚР ІІМ ресми өкілі: «Жол қозғалысын қадағалау барысында 40 577 тәртіп бұзу фактісі, оның ішінде 340 автокөлікті мас күйінде басқару, 3 564 – жылдамдықты шамадан тыс арттыру, 126 – жолдың қарсы бетіне шығып кету, 836 – бағдаршамның тыйым салу белгісіне қарамай өтіп кету болды».

Осылай деген ведомство өкілдері 26 қараша күні ІІМ-де, аумақтық органдар мен ішкі істер бөлімшелерінде, азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтетінін хабарлады. Онлайн байланысқа шығу үшін тұрғындар алдын ала тіркелу керек. Тіркеу министрлік сайтында 25 қарашаға дейін жалғасады.

Назерке Үкібасова