«Ауыз су, көгілдір отын, қоғамдық көлік»: Шымкент әкімі тағы не айтты?

225

Шымкент алдағы жылы толықтай ауыз сумен қамтылады. Қала әкімі бүгін Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде осылай деді. Мегаполистегі күрмеуі шешілмеген тақырыптың бірі – коммуналдық жүйе. Мұрат Әйтеновтің сөзінше, қалада келесі жылы ауыз су мәселесі толығымен шешіліп қана қоймай, елдімекендерге көгілдір отын жүргізу басталады.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Газды толық қамтамасыз ету үшін 3 АГРС салып жатырмыз. Екі үлкен жобаны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бітіріп аяқталған кезде қаланың керекті қуаттылығын 100 пайыз шешеміз».

Әкімнің баяндамасын тыңдаған журналистерді бұдан бөлек қаладағы мектеп мұғалімдерінің базынасы да бей-жай қалдырмаған сыңайлы. Еске салайық, осыдан бірнеше ай бұрын Шымкенттегі №125 мектептің ұстаздары өздерінен басшылықтың ақша жинайтынын айтып арызданған еді. Осыдан кейін білім ұясының директоры жұмыстан қуылыпты.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Мектеп директоры қазір жұмыстан босатылды. Дегенімен біз заңды мемлекетпіз. Оны құзіретті органдар тексеріп, дәлелдегеннен бастап сотқа жібереді. Ол бір күндік мәселе емес. Оның барлығы тексерілуде».

Мұрат Әйтенов көпті мазалаған ипподром мәселесіне де тоқталды. Әкімнің айтуынша, қазіргі атшабар заман талабына сай келмейді. Әрі бұл жердің қала орталығына айналғанын айтқан ол, орнына ақылды үйлердің бой көтеретінін жеткізді. Ал, стандартқа сай спорт кешені Бозарықтан ашылмақ. Ол үшін бюджеттен бір тиын да бөлінбейді екен.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Келген инвестор компаниясының ұсынысы олар 135 млрд. теңге инвестиция ретінде келеді. 500 мың шақырым метр салады. Үйдің өзі заманауи, ақылды үй ретінде саналады. Ол бізге атшабарды 2 млрдқа өз ақшасына салып береді».

Есесіне қала әкімдігі «Ордабасы» футбол клубына 4,5 млрд. теңге бөлуге дайын. Еске салайық, қаланың бас футбол клубы биылғы маусымды бесінші орынмен аяқтады. Бұдан бөлек, биыл қала әкімдігі 300 жасқа жалдамалы жаңа пәтер бермек. Өткен жылы бұл бақыт 900 жасқа бұйырған еді.

Мұрат ӘЙТЕНОВ, Шымкент қаласының әкімі: «Биылғы жылы 300 пәтерді қарастырып отырмыз. Қазір ол пәтерлердің құрылыстары аяқталып жатыр. Желтоқсанның аяғында үйлердің бәрін тізім бойынша берілетін болады. Бұл бағытты жылдан жылға өсіреміз».

Әкім бөліскен жаңалықтар мұнымен бітпейді. Осыдан 3 күн бұрын қозғалысы өзгерген 8 бағыттағы қоғамдық автобус енді бұрынғысынша жүреді.

Бұған қоса қала басшысы теміржол вокзалы мен жаңа әуежай жай-күйін де жеткізді. Әйтеновтің айтуынша, әуе рейстері келесі жылдың наурызынан бастап жаңа аэрапорттан қатынайды. Ал қаланың солтүстік бағытынан жаңа теміржол вокзалы салынбақ екен. Бірақ, оның құрылысы қашан басталары әлі белгісіз.

Назерке Үкібасова