«Гранд-прагадағы» атыс: Күдіктілер әлі толық ұсталған жоқ

185

Шымкенттегі «Гранд-Прага» мейрамханасындағы қанды оқиғаға қатысы бар күдіктілер әлі толық ұсталмаған. Бұл туралы қаланың бас полицийі мәлімдеді.

Ералы Жұмаханбетовтің сөзінше, күдіктілер әлі де іздестірілуде. Еске салайық, осыдан 4 ай бұрын Қ. Қазиев көшесіндегі мейрамханада қанды оқиға орын алып, соңы адам өлімімен аяқталды. Ал, күдіктілердің үшеуі араға 2 күн салып Алматы қаласынан құрықталған еді.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Іздеуде бар әлі… Іздеп жатырмыз. Ұсталған кезде айтамыз, жарай ма? Енді олар ұсталмай тұрып біз айта алмаймыз ғой, біз ұстаймыз оларды. Тергеп жатырмыз. Одан кейін бәрі соттан өткеннен кейін естисіз. Шетелге кетуі мүмкін емес… Бәріне тосқауыл қойылған. Қазақстанның ішінде жүр. Оларды іздеп жатырмыз».

Осыған ұқсас тағы бір жағдай өткен жылдың қазанында орын алған еді. «Сүндет» дәмханасындағы қанды қырғыннан оқиға орнында бір адам жан тапсырды. Аталған қылмыстық іс те әлі күнге дейін тергеліп бітпепті. Тіпті «күдіктілер толық табылмады» дейді қаланың бас полицейі.

Ералы ЖҰМАХАНБЕТОВ, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы: «Әлі де тергеліп жатыр. Сотқа жібереміз жақында.
— Күдіктінің бәрі ұсталды ма?
– Бәрі ұсталған. Бәрі бар.
– Қанша адам, қайдан ұсталды ?
— Сізге кезінде айтқан едім ғой, сол адамдар бәрі сондай. И одан кейін тағы ұстайтын адамдарымыз бар ол жерде. Бірақ, іздеу жүріп жатыр. Оның бәрі толық аяқталған жоқ. Ұсталған адамдар бойынша іс сотқа кетеді».

Шымкенттік полицейлер көлік жөндеймін деп жүргізушілерді жаяу қалдырған тұрғынды ақыры құрықтапты. Еске салайық, осыдан екі ай бұрын шымкенттік бір топ жүргізуші көлік жөндеушінің өздерін алдап кеткенін айтқан еді. Жұртты не ақшасыз, не көліксіз қалдырды деген күдіктіні тәртіп сақшылары Шымкенттен ұстапты.

Бұдан бөлек, үшінші мегаполистің бас полицейі өткен жексенбіде өрт шыққан үйден табылған ер адамның мәйітіне қатысты мәліметпен де бөлісті. Айтуынша, Гагарин көшесіндегі күлге айналған пәтер тұрғынына ешқандай зорлық көрсетілмеген. Қызыл жалын шарпығанда марқұмның қасындағы әйел оны оятпақ болыпты. Алайда ер кісі ұйқыдан тұрмаған. Ал қалалық төтеншеліктер күні кеше ер кісінің өрт шыққанға дейін көз жұмғанын және ол зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін екендігін мәлімдеген болатын.

Назерке Үкібасова