Ішіп алып, тәртіп сақшыларынан қашқан пагонды қызметінен шеттетілді

212

Полицейлердің үстінен қарайтын пагондының заңсыз әрекеті. Түркістан облысы өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерінің Шымкентте қауіпсіздік белдігін тақпай, масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.

Онысы аздай, ащы судан ұрттаған офицер тәртіп сақшыларынан қаша жөнелген. Пагондылар оны әупірімдеп жүріп әрең дегенде қысып тоқтатқан. «Балық басынан шіридің кейпін кешкен» оқиға туралы тарқатсақ…

Бұл «Хюндай Элантра» көлігін тізгіндеген жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай, тәртіп сақшыларының тоқтатуына мүлдем құлақ аспай қаша жөнелген. Оның бұл әрекеттерінің барлығы погондылардың камерасына таспаланып қалған. Полицейлер оны әзер дегенде қысып жүріп тоқтатып, тексерген кезде, темір тұлпармен қаша жөнелген жүргізуші Түркістан облыстық өзіндік қауіпсіздік басқарамасының қызметкері болып шыққан.

Қатты қойылған әуеннің даусынан тоқта деген талапты естімедім деген азаматты шымкенттік полицейлер наркологиялық диспансерге жеткізді. Күдіктінің қанынан 1,9 промилле алкоголь анықталды.

Десе де, Түркістан облыстық өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкері ащы судан ұрттамағам деп бет бақтырмады. Айтуынша, жылдан астам ішімдік ішпеген көрінеді. Тіпті, құқым тапталып жатыр деп орталықта шатақ та шығарды.

Айыптұраққа жеткен соң, толтырылған хаттамаға келіспейтінін айтып, құжатқа қол қоюдан да бас тартты. Облыстан келген офицерге телефонмен хабарласқандар қаш деген кеңес берген болуы керек, сөйлесіп жүрген сыңай танытқан ол айыптұрағынан қаша жөнелді.

Көз жазып қалған тәртіп сақшылары оны көп ұзамай жақын маңдағы ауланың бірінен ұстады. «Осы жәйт бойынша ішкі істер министрілігіне сұраныс хат жолдадық. Жауапты ведомство өкілдері заңға бағынбаған қызметкердің үстінен қызметтік тексерудің басталғанын айтты. Алайда мәселенің егжей-тегжейін айта алмаймыз»,- деген олардан тұшымды жауап ала алмадық.

Нұрділдә ОРАЗ ҚР ІІМ ресми өкілі: “Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңының 80-бабы 1-бөлігі 12-тармағының талаптарына сәйкес қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін Түркістан облысы Полиция департаментінің аталған қызметкері теріс себептермен қызметтен босатылуға ұсынылатын болады».

Қазір Түркістан облыстық өзіндік қауіпсіздік басқарма қызметкері, полиция майорының әрекеті майшаммен қаралып жатыр екен. Тергеу кезінде, тіпті шендіні қызметінен уақытша шеттетіпті. Ал, тергеудің қортындысы келер жылы айтылмақ.

Ғалымжан Кенжебек