Өзбекстанға контрабандалық жолмен тасымалданып жатқан тыныс алу аппараттары ауруханаларға берілді

182

 

Мақтаарал ауданының прокуратурасы мен «Атамекен» кедендік бекетінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Қазақстан Республикасынан Өзбекстан Республикасына 7 жасанды тыныс алу аппаратын контрабандалық жолмен тасымалдап жатқан тұлғаларды құрықтаған болатын.

Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі аппаратында аудан әкімі Бақыт Асанов пен ауданның прокуроры Жұмағали Ботабеков контрабандашылардан тәркіленген жасанды тыныс алу аппараттарын «Мырзакент» және «Атакент» аудандық ауруханаларының басшылығына табыстады.

Атап айтқанда, 5-еуін «Мырзакент» аудандық ауруханасына, 2-еуін «Атакент» аудандық ауруханасының балансына өткізіп берді. Қазіргі таңда кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осындай заң бұзушылықтарды ашуда белсенді жұмыс жасап жатқан ауданның прокуроры Ж.Ботабеков еліміздегі пандемиялық жағдай кезеңінде мұндай қажетті құрылғылардың шетелге заңсыз тасымалдауына қатаң тыйым салынғанын ескертті.

«Коронавирус инфекциясы асқынған жағдайда адамның өкпесіндегі тыныс алу жолдарын зақымдайды. Науқасқа оттегі жетіспей қиналады. Міне, осындай жағдайда тыныс алу аппараттарының маңызы зор. Сондықтан, кез келген елде бұл құрылғыларға деген сұраныс өте жоғары және осындай заңсыздықтардың алдын ала отырып науқастарға өте қажетті құрылғыларды біздің мекемемізге табыстап отқан прокуратура қызметкерлеріне алғыс білдіреміз» — деді «Мырзакент» аудандық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нұржан Нұрашев.

Айта кетейік, бұған дейін Мақтаарал ауданында демеушілердің есебінен 30-ға жуық ИВЛ, оттегі концетраторы сияқты т.б. тыныс аппараттары ауруханаларға сыйға берілген екен.