Шымкенттегі Д. Қонаев даңғылы 20-қаңтардан бастап жабылады. Ал жазда Т. Рысқұлов көшесінде көлік қозғалысы тоқтайды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов хабарлады. Ол көшелер қашан ашылатынын, жол айырығы қашан салынып бітетінін айтып берді.

Д. Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысына жол айырығы салынып жатыр. Қазір Қонаев даңғылының бір бөлігі ашық. Бір аптадан кейін даңғыл толықтай жабылып, құрылыс жанданады. Жол айырығының құрылысы биылғы қарашаға дейін жалғасады.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Биылғы жылдың үлкен құрылысы Д. Қонаев пен Т. Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық болып отыр. Әкім бізге ендігі жылдың аяғына дейін бітіруге тапсырма берді. Әрине бұл оңай емес. Өйткені бұл жолайрық кемінде 2 жыл салынады. Жоба бойынша 36 айда салынып бітуі керек».

Д. Қонаев даңғылымен жүретін №135, 152 бағыттағы қоғамдық көліктер енді А. Байтұрсынов көшесіне ауысады. Алдағы жазда Т. Рысқұлов көшесі жөндеуге жабылмақ. Мақсұт Исаховтың айтуынша, Шымкентте жолдар бұрын-соңды болмаған жөндеуден өтіп жатыр. Айта кетсек, былтыр жол жөндеуге қала бюджетінен 27 млрд. теңге бөлінген. Биыл бұл сомма 32 млрд. теңгеге өсіпті.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Ішкі орамды, бұрын жол болмаған жерлерге басымдық беріп жатырмыз. Биыл 109 көшені орташа жөндейтін болсақ, соның 7 көшесі ғана магистральды көшелер қаланың ішіндегі. Қалған көшелердің барлығы ішкі орамдық көшелер. Бұрын жол болмаған аумақтар».

Әкім орынбасары Tolem жүйесіндегі былықтарды да баяндады. Осы күнге дейін Шымкентте 150 мың Tolem картасы сатылыпты. Алайда соның барлығы бірдей күнделікті қолданылмайды екен. Мақсұт Исаховтың болжамынша 60 мың транзакция кондукторлар мен жүргізушілер қалтасына кетіп жатыр.

Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «150 мың карта сатылды. Егер сатылған 150 мың карточканың бір күнде 100 мың адам жүретін болса, жұмысына барып, кешке қайтып, күніне 2 рет қолданатын болса, бізде 200 мың транзакция болуы мүмкін. Демек 60 мың транзакция бізде әлі де ұрланып жатыр. Кондуктор мен жүргізушілердің қалтасына түсіп жатыр».

Ақпанда қоғамдық көлік саны тағы артады. Әзірге Шымкентке әкелінген 150 жаңа автобус пайдалануға беріліпті. Ақпанда тағы 50 автобус жолға шығады.

Назерке Үкібасова