Сал ауруына шалдыққан үш баланы тәрбиелеп отырған Елеуовтар отбасына қолдау көрсету мақсатында «Отырар» телеарнасы әлеуметтік жобаны қолға алған болатын.
Игі бастаманың нәтижесінде көпбалалы отбасына 4 бөлмелі пәтер сатып алынған еді. Осы күнге дейін әлеуметтік желіде мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайын сұрағандардың қатары толастар емес. Сондықтан да, көпшіліктің өтініші бойынша арнамыздың түсіру тобы Елеуовтар отбасына қонаққа барып қайтты.
Осыдан төрт жыл бұрын «Отырар» телеарнасының араласуынан соң, Елеуовтар отбасы баспаналы болған еді. Сал ауруына шалдыққан үш бірдей баланы тәрбиелеп отырған бұл отбасы шымкенттіктердің әлі күнге дейін есінде.
Әлеуметтік желі арқылы арнамызға хат жазған оқырмандар өтінішімен біз бұл жанұяға арнайы бардық. Елеуовтар отбасы Шымкенттегі Қаратөбе күре жолындағы мына бес қабатты тұрғын үйде тұрады. 4 жыл бұрын бұл баспананы алматылық кәсіпкер өз қаражатына сатып алып, тарту еткен еді.
«Ол кісі жүзін де көрсетпеді, атын да айтпады. Үнемі ұялы телефон арқылы жағдайымызды сұрастырып, жаңа жылмен де құттықтап хабарласты. Ол әйелге өмірбақи алғысымды айтып өтемін. Осы күнге дейін демеушілер, Еңбекші ауданы әкімдігінен адамдар келіп, көмек көрсетіп тұрады. Ол кісілерге айтарым Алла разы болсын, бала-шағаларының рахатын көрсін»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны Малика Қасымбекова.
2016 жылы көмекке мұқтаж отбасына қайырымды жандар қолдау көрсетіп, бес балалы отбасыны жалдап отырған пәтерлерінен көшіріп, жаңа баспанада қоныстануына жәрдем берген болатын. Қазір ұлдардың үлкені Тәңірберген 16 жаста, 9 сыныпты бітірген, Нұрсұлтан 14-те, Бексұлтан-13 жаста. Балалар әкесі Алиханмен бірге жақында Түлкібастағы оңалту орталығында ем қабылдап келіпті. Енді квота бойынша «Асардағы» ауруханада жоспар бойынша емделеді. Үй шаруасындағы Маликаның алтыншы перзентіне аяғы ауыр «Бәріне дайынмын, нәрестем сау болады деген үміттемін» дейді.
Айта кететін жәйт, болашақ нәресте де мүмкіндігі шектеулі болып туылуы әбден мүмкін екендігін дәрігерлер ескерткен. Алайда Алихан мен Малика тағдырдың тауқыметін көтереміз деп бекініп отыр. Көпбалалы отбасындағы екі қыздың денсаулықтары, сабақ үлгерімдері жақсы. Ата-аналарын жетістіктерімен қуантып келеді. «Алланың берген перзенттерін қатарынан кем етпей, тәрбелеуге үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан жомарт жандарға алғысымыз шексіз»,- дейді көпбалалы ата-ана.
Шынар Оразова