Көлікті Kaspi.kz қосымшасы арқылы қайта тіркеуге болады

167
фото kolesa.kz

Сатып алу-сату мәмілесі смартфон арқылы онлайн режимде жасалады. ХҚКО-ға тек дайын құжат пен нөмір алу үшін барасыз.

25 қаңтар күні мемлекеттік қызмет көрсету саласы дамудың жаңа сатысына көтерілді. Енді автокөлікті тек eGov.kz порталында ғана емес, Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы да қайта рәсімдеуге болады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің жобаны жасау үшін «ҰАТ» АҚ мен ҚР ІІМ ӘПК қызметкерлері төрт ай еңбек еткенін айтты.

Машинаны Kaspi.kz арқылы қайта рәсімдеу үшін «Госуслуги» бөліміне өтесіз. Оның ішінде сатушы мен сатып алушыға арналған бөлек бөлімдер бар. Бұл қызметті пайдалану үшін ЭЦҚ керек емес. Құжаттарға арнайы Kaspi қолтаңбасының көмегімен қол қойылады.

Көлікті есептен шығарғанда қызмет қандай да бір шектеулердің, төленбеген айыппұл не салық қарыздарының бар-жоғын тексереді. Егер қарыз бары анықталса, оны сол қосымша көмегімен бірден төлеуге болады.

Автокөліктің бағасы да қосымшада көрсетіледі. Сатып алушы ақшаны арнайы шотқа аударып, баж салығын төлейді де, нөмір таңдайды. Қайта рәсімдеу аяқталған соң ақша сатушының картасына түседі. Автокөліктің жаңа иесі құжаттары мен нөмірін мамандандырылған ХҚКО-дан алады.

Осыған ұқсас қызмет түрі жуырда басқа да банктерде болады.

kolesa.kz