Мемлекет басшысы су жаңа депутаттармен кездесті. Және мәжілістің жетінші шақырылымында жеті басымдыққа тоқталды. Өзгерісті қажет ететін бағыттар көшін халықтың тұрмыс сапасы бастап тұр. Елдің әл-ауқатын жақсартуымыз керек деген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жасанды жетістіктен шаршағанын айтады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды».

Осыдан кейін Мемлекет басшысы халық құқығына тоқталды. Соттың ашық болуын ескерткен Президент саладағы түйткілдерді жіктеп берді. Және жұмысқа тұратын үкім шығарушылардың кәсібилігін ғана емес, адамгершілігін де ескеру керек деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға және Жоғарғы сот төрағасының тікелей өзі күш салып жатқанына қарамастан, сот корпусының сапасына қатысты әлі де түйіткілдер бар. Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал. Бұл жұмыс бұқаралық ақпарат құралдарында ашық көрсетілуі тиіс».

Президент пәрменін тыңдаған депутаттар осыдан кейін ант қабылдады. Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары бұл жолы 70 пайызға жаңарды. Сайланған 117 халық қалаулысының 76-сы «Нұр Отан», 12-сі «Ақ жол», 10-ы Қазақстан халық партиясының мүшелері, ал 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы келген.

Жаңа креслоға жайғасқандар арасында Сенаттың бұрынғы төрайымы Дариға Назарбаева, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мен елбасына ескерткіш қою туралы ұсыныс айтамын деп белгілі болған Мәди Ахметов те бар. Бұдан былай елдегі заңға жауапты олардың арасында ант беру кезінде мінбеге шығам деп біраз кібіртектегендері де болды.

Мәжілістің алғашқы отырысы тек депутаттар таныстырылымымен шектелген жоқ. Шенеуніктер заң шығарушы орындағы қазақ тілінің күйіне де тоқталды. Жауаптылар сөзінше 5 жыл ішінде 550 баяндама оқылса, оның 495-і қазақ тілінде айтылған. Осылайша мемлекеттік тіл мәртебесі 54 пайызға көтерілді дейді.

Сауытбек ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: «Осы жетінші шақырылымдағы елім деген, жерім деген, тілім деген, ділім деген депутаттар бұл көрсеткішті өсіруге табандылық танытады ғой деп ойлаймын. Әсересе, лауазымды қызметтегі қазақ азаматы қазақша қойылған сұраққа қазақша жауап беруден қашқақтайтынына төзбеуге тиіспіз».

Бірақ, Сауытбек Әбдірахмановтан кейін сөз алған депутаттар ресми тілде баяндама жасады.

Назерке Үкібасова