Президентке хат жазғыңыз келсе…

130

Коронавирусқа қарсы вакцина Қазақстанда да шығарылмақ. Бұл туралы мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Отандық вакцинаның дайындығы қазір 3-сатыда екен. Ал, оған дейін ел тұрғындары ресейлік екпені қабылдайды. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев екпені ешкімге мәжбүрлі түрде салмаймыз дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Даярлық жұмыстарын талдау барысында вакцинаны сақтауға қажетті тоңазыту жабдықтары көлемінің жетіспейтіндігі анықталды. Бұл әсіресе Маңғыстау, Батыс қазақстан және Түркістан облыстарында байқалып отыр. Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, қамдануды тапсырамын. Отандық екпенің нәтижелі болатынына үміт зор. Егер ол тиімділігін көрсетсе мен қазақстандық вакцинаны салдырамын».

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы республикадағы білім сапасын да сынға алды. Президент сөзінше, біздегі оқушылар 67 сағат оқиды. Бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда екі есе артық екен. Осыны түзету керек деген Қасым-Жомарт Кемелұлы балалардың математика, информатика және тілге ден қоюын тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Елімізде оқыту жүктемесі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финиляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірттерді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдерістерді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секілді пәндерге ерекше басымдық берген жөн».

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ел тұрғындарынан келетін хаттар былтыр 3 есеге көбейген. Осылай деген Мемлекет басшысы енді «Нәтиже» ақпараттық жүйесін іске қосылатынын айтты. 1-шілдеден бастап жұмыс істейтін жүйеге жұрт Президентке жазған хаттарын жолдай алады. Және жылдар бойы қалыптасқан формализмді жоямыз дейді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Формализм фактілері мен үстірт жауап мәселесі әлі де көп. Бұл – жүйелік проблема, оны заңмен, бүкіл мемлекеттік құрылымды реформалау арқылы шешуге тура келеді. Өтініш берушілер үшін жұмыс сапасын арттыруда 1 шілдеге дейін «Нәтиже» жаңа ақпараттық апелляциялық жүйесін және орталығын әзірлеу тапсырылды. Бұл жүйені барлық мемлекеттік органдарда іске қосу керек».

Формальдылықтан бөлек Президент даңғазалықтан да арылу керек дейді. Және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында дүркіреген тойдан гөрі, ел тұрмысын түзетуді тапсырды. Айта кетейік, биыл елдегі ішкі өнім 2,6 пайызға азайған. Бұл басқа елдермен салыстырғанда анағұрлым төмен көрсеткіш.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Биыл қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осыған орай, қолға алынған реформаларды қарқынды түрде жүзеге асыруымыз керек. Мерейтой кезінде артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол берілмейді. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыру. Мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халықтың игілігіне арналуға тиіс».

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан экологиясына да алаңдады. Сауалнама нәтижесін мысалға келтірген Президент халықтың 46 пайызының экологияға көңілі толмайтынын айтады. 2 млрд. ағаш отырғызуды тапсырдым деген Тоқаев кейін жер мәселесін ортаға салды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «Жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр».

Үкімет отырысында еліміздің Денсаулық сақтау министрі де сөз алды. Алексей Цойдың айтуынша, кви жұқтыру бойынша Қазақстан әлемде 109-орында тұр. Ал, өлім көрсеткіші бойынша 97-орынға жайғасыпты. Осылай деген еліміздің бас дәрігері дәрі-дәрмек құнының 27 пайызға төмендегенін айтады. Және дәрілік препараттар тапшылығы тумайтынына сөз берді.

Алексей ЦОЙ, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Қазіргі уақытта коронавирус препараттары бойынша маркетингті шығындардың бәрін алып тастадық. Дәріханаларда жетіспеушілік болмас үшін біз коронавирусқа шалдыққан адамдарға амбулаториялық дәрі-дәрмекті тегін қылдық. Бұл да дәріханалардағы кезекті жойды. Осылайша біз антиковид препараттардың бағасын орта есеппен 27 пайызға арзандаттық».

Ал Үкімет басшысы 400 балабақша, 180 мектептің бой көтеретінін мәлімдеді. Асқар Мамин сөзінше ҰБТ да электронды форматқа өтпек.

Назерке Үкібасова