Сәкен Майғазиев өзі басқарып отырған ұжым аттестациядан өтетінін мәлімдеді

107

Шымкенттегі қалалық мәдениет үйіне басшылық қызметке келген танымал әнші Сәкен Майғазиев алдағы жоспарларымен бөлісті. Жаңа лауазымға кіріскеніне көп уақыт бола қоймаған өнер иесі шымкенттік өнерпаздардың кәсібилігін арттыру үшін өзге әріптестерін шақырып, шеберлік сабақтарын да ұйымдастырып үлгерген.

«Сахна – тек кәсібилердің орны» деген жаңа басшы шаһарға тағы нендей өзгерістер әкелуді көздеп отыр?

Шымкент қалалық мәдениет үйі концерттік ұйымына басшылық қызметке келген танымал әнші Сәкен Майғазиев алдағы жоспарларымен бөлісті. Өнер иесі үшінші мегаполисті той деңгейіндегі қала емес екендігін халыққа дәлелдеуді мақсат тұтып отыр. Ол үшін өнердегі әріптестерін шақыртып, қала өнерпаздарына шеберлік сабақтарын ұйымдастыруды бастап та кетіпті.

Алтынбек Қоразбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:  «Дәстүрлі әншілерді мұқият тыңдадық. Өкінішке орай, көп кемшіліктері бар. Дегенмен өнердің аты өнер. Бүкіл халық көріп отырғаннан кейін өнерпаз нағыз өнердің шыңында жүруі керек. Әшейін кездейсоқ келген өнерпаздарға бұл жерде орын жоқ. Бұл естеріңізде болсын. Ешкімнің мойнынан шауып тастайын деп жатқан жоқпыз. Жақсысын жақсы деп айтамыз, болмайтындарды болмайды деп айтып кетуге тырысамыз».

Бұдан өзге Сәкен Майғазиев өзі басқарып отырған ұжым аттестациядан өтетінін мәлімдеді. Сонда ғана нағыз өнер иелері іріктеліп, сахнада бой көрсететін болады. Ал, уақыт өткізу үшін жүрген жандар кәсіби мамандармен ауыстырылады. Шымкентті Алматыдағыдай өнер ордасына айналдыруды көздеп отырған басшы бұл мәселеге бей-жай қарамау керектігін де тілге тиек етті.

Сәкен Майғазиев, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» директорының міндетін атқарушы: «Адамнан жасырғанды Алладан жасыра алмайсың. Барлығы Шымкент десе бір тойдың қаласы деп елестетеді. Тойдың деңгейінен түспеген, тойханадан көп нәрсесі жоқ. Мәдениеттен жұрдай деп қабылдайды. Жасырмай-ақ қояйық. «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой. Осы орайда кәсібилікті көтеру мақсатында аттың басын бұрдық. Кез – келген адам шақырылмаған жерде қысылып отырады дейді. Қысылып, ілініп сахнада жүру керек пе деген сұрақ туындайды».

Шымкентке бүйрегі бұрып тұратын Сәкен Майғазиев мәдениет саласында жаңа жобалар мен қаламыздың рухани қазынасын жаңғыртып, жоғары жетістіктерге жол ашуды мақсат етіп отыр.

Мөлдір Ибадуллаева