Шымкент: Қала әкімі орынбасарының азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті

221

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтың азаматтарды бірыңғай қабылдау күні карантин жағдайына байланысты онлайн түрде өтті.

Жеке бастарына қатысты мұң-мұқтаждарын жеткізген шаһар тұрғындары сауалдарына тікелей жауап ала алды. Қала басшысының орынбасары әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді.

Мәселен, қала әкімі орынбасарының онлайн қабылдауында болған Венера Абдраманова 4 жылдан бері пәтер кезегінде тұрады. Кезегі әзірге келмеген. Екі баланың анасына толық емес отбасы ретінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиемен баспана алуына болады. Ерғали Дәулетбекұлы құзырлы басқарма басшылығына оған кәсіби кеңес беріп, тұрғын үй мәселесін шешуді қолға алуды тапсырды.

Шымкент қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, қабылдауда баспана мәселесіне қатысты 20-дан астам азаматтың өтініші тыңдалды. Оның ішінде осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттен тегін баспана алғанымен басқа қалада пәтер кезегіне қайта тұруына байланысты берілген үйінен сот шешімімен айырылып қалған азаматша да мұңын жеткізді. Қала әкімінің орынбасары мәселені заң аясында шешу жолдарын бақылауға алды.

Бірыңғай қабылдауға жазылған «Нұрсәт» шағынауданының №135 А, В үй тұрғындары шатырдан су өтетініне наразылықтарын жеткізді. Қазіргі таңда тұрғын үйдің шатыры техникалық тексеруден өткізіліп, жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Ерғали Дәулетбекұлы қорытындысы бойынша қаржы мәселесі қарастырылатындығын атап өтті.

Жалпы, мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіппен кезек арқылы беріледі. Бүгінгі таңда беріліп жатқан арендалық үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Сонымен қатар, «Шаңырақ 5-10-20», «5-20-20», «7-20-25» жеңілдетілген несие бағдарламалары негізінде тұрғын үйге қол жеткізуге болады.

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы