Шымкент – тұрғын үй құрылысы жөнінен көшбасшы қалалардың қатарында

150

Шымкент қаласында тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осы ретте үшінші мегаполисте өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 649,1 мың шаршы метрге жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 23,9 пайызға ұлғайды. Бұл жөнінде сейсенбіде өткен Үкімет отырысында белгілі болды.

Тұрғын үй құрылысы көлемінің өсуі жалпы құрылыс көлемінің ұлғаюына септігін тигізіп, Шымкент қаласы өткен жылы республика көлемінде аталған көрсеткіш бойынша 3-орыннан көрінді.
Өткен жылы шаһарда алаңы 1 млн шаршы метрден астам 14 224 пәтерлі 262 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның ішінде, жеке құрылысшылар есебінен 6 147 пәтерлі 126 көпқабатты тұрғын үй бар.
Президент Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен баспана мәселесіне тікелей байланысты екенін айтқан болатын. Осыған орай Шымкент қаласында бюджет есебінен 8077 пәтерлі 136 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал өткен жылдың соңында қалада 280 арендалық пәтер және 4 461 пәтерлі 77 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Айта кетейік, биыл Шымкентте сатып алу құқығынсыз 976 пәтер кілтін үлестіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 300 пәтер «Жастар» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жүрген жастарға, көпбалалы отбасыларға 378 пәтер, ал, 298 пәтер кілтін әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға табыстау көзделген.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы