30 отбасы баспаналы болды. Көрме орталығында жаңа пәтер кілттерін табыстау рәсімі өтті. Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға кезек тәртібімен берілген. Қазір қалада тұрғын үй кезегінде 92 мыңнан астам адам тіркелген. Ал биыл олардың қаншасы баспанамен қамтылады?
Бүгін тағы бірқатар отбасы қоныс тойын тойлауға мүмкіндік алды. Баспаналы болғандардың бірі – Феруза Гатаулина. Үш баланың анасы тұрғын үй кезегіне осыдан 10 жыл бұрын тіркелген. Айтуынша, отбасы ерекше бала тәрбиелеп отыр. Осы уақытқа дейін ата-анасының шаңырағында тұрған Феруза жаңа пәтер берілгенін естігенде қатты қуанғанын айтады.
Бұл жолы да әлеуметтік санатқа жататын 30 азаматқа пәтер берілді. Жауапты мамандардың айтуынша, жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында баспана тұрғын үй кезегіне тіркелген уақытына қарай үлестіріледі. Дегенмен заң аясында кейбір санаттарға басымдық қарастырылған.
Қала әкімі жаңа пәтер иелерін құттықтап, тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ әр отбасы тұрғын үй кезегі арқылы ғана баспанамен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Қазір мегаполисте тұрғын үй кезегінде 92 мыңнан астам адам тіркелген. Жыл басынан бері 500-ге жуық отбасы пәтер кілтін алған. Жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін 1500-ден астам азаматты баспанамен қамту көзделіп отыр.
Әсел Мәлік






