Úı ANONS Тұрғын үй саласын дамыту тұрақты бақылауда

Тұрғын үй саласын дамыту тұрақты бақылауда

Бүгін үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аймақтағы тұрғын үйге қатысты ақпаратты баяндады. Өңір басшысының сөзінше, өткен жылы бұл салада жұмыс жоспардан артық орындалған. Биыл да белгіленген межеге жетеміз дейді, облыс әкімі.

2025 жылы Түркістан облысында халықты тұрғын үймен қамту, яғни баспана салу жұмыстары жоспардан артық орындалған. Нақтырақ айтқанда, 1 миллион 60 мың шаршы метр тұрғын үй салу керек болса, оның көлемі  176 мың шаршы метрге артық жасалған. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәлім етті.

Биыл салынатын жеке тұрғын үйлер тек инфрақұрылыммен қамтылған жерлерде рұқсат етіледі. Және әдеттегідей тұрғындардың есебінен салынады. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің жөні бөлек. 162 мың шаршы метрден аса көпқабатты тұрғын үй бюджет есебінен, 217 мың шаршы метрге жуығы жеке инвестордың есебінен салынады.

Айта кетейік, аймақта 113 мыңнан аса отбасы мемлекеттен берілетін тегін үй алу кезегінде тұр. Бұл республика есебімен қарағанда үй кезегінде тұрғандардың 11 пайызын құрайды. Кезекте тұрғандардың басым бөлігі Түркістан, Сарыағаш қаласы және Төле би ауданы тұрғындары. Жалпы үй алуға ниеттілердің ішінде көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар көп.

Дилара Иса