Шымкенттіктер жаңа жылдық дастархан үшін 100 мың теңге жұмсайды…

507

Шымкенттіктер жаңа жылдық дастархан жаю үшін 100 мың теңге төңірегінде жұмсайды. Тұрғындар сөзінше, мереке шығыны. Тіпті карантин де қала тұрғындарының мұнша ақша жұмсауына кедергі болмаған. Осылай деген тұрғындар «жылына бір келетін мейрамды өз дәрежесінде тойлағымыз келеді» дейді.

Әсем Құлбаева жаңа жылға қамданып жүрген шымкенттіктердің бірі. Сөзінше мереке дастарханына биыл 100 мың теңге жұмсапты. Және бұл соманың қалтаға салмақ салғанын да жасырмады.

Әсем ҚҰЛБАЕВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жыл сайын жаңа жыл дастарханына 100 мың теңге жұмсаймыз. Биыл баға қымбаттапты. 100 мың теңгеге мен ет, кептірілген жеміс-жидек, сусындар алдым. Енді қалтаға ауырлық тигізеді».

Шымкенттік тағы бір тұрғын Саламат Қамбарова де жерлесінің сөзін растап отыр. Әйел азаматы жылына бір рет келетін айтулы мерекеден ешнәрсе аянып қалмаймын дейді. Және биыл да жаңа жылдық дастарханға 100 мың теңге жұмсағанын айтады.

Шымкенттіктер сөзінше мерекеге қарсы базардағы баға да құбылған. Мәселен, биыл мандарин 1200 теңгеге жетіпті. Ал, «Оливье» салатын жасау үшін шамамен 4 мың теңге керек дейді қала тұрғындары. Мәселен, биыл картоптың бір келісі — 165 теңге болса, сәбіз құны — 100 теңгеден асады. Ал, майонез — 320, жылқы етінің келісі — 2200 теңгеге өскен. Тұздалған қияр да арзан емес дейді тұрғындар. Оның бағасы келісіне 1000 теңге болыпты. Қала берді биыл жұмыртқаның 1 данасы 60 теңгеге жетті.

Алушылардың бұл сөзімен саудагерлер де келісіп отыр. Сөздерінше, азық-түлік құны өткен жылғымен мүлде сәйкеспейді.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк сарапшылары жаңа жылдық дастархан үшін қазақстандықтардың 21 мың теңге жұмсайтынын айтқан еді. Ол мұны желідегі тұтыну бағалары арқылы бағамдаған. Соманы интернет арқылы есептеп шығарған олар сараптаманы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Өскемен, Павлодар қалаларын бақылай отырып жасапты.

Назерке Үкібасова