Түркістан облысында бүгін 102 сәби туылып, рекорд орнатты. Олардың жартысынан астамы, яғни 57-сі қыз бала. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлайды. Мамандардың айтуынша, бұл бұрын – соңды болмаған жағдай. Өйткені тәулік соңына дейін бала саны тағы да артпақ.

Түркістан облысының перзентханаларындағы әйелдер сайлауға қатысуда. Олар таңғы 7-ден бастап дауыс бере бастады.

Айта кетерлігі, сайлау күні Түркістан облысында дүниеге келген сәбилерге ең көп қойылған есімдер – Сайлау, Сайлаугүл, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт екен. Түркістандықтар сәбилерінің дүниеге келгендегі қуанышын Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлаумен байланыстыруды ұйғарған.

Сайлау Түркістан облысының барлық перзентханаларында өтті. Сайлауға үш жүзден астам жүкті және босанған әйелдер қатысып, азаматтық міндетіне жауапты екенін танытты.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша жылына 100 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. Өңірде бір тәулік ішінде шамамен 50-60 нәресте туылады.