Агроном: «Күн суытатын болса, үсік шалады»

168

Шымкентте ауа райының күрт өзгеруі ақпанға тән. «Қар жауатынын білгенбіз»,- дейді диқандар.

Көкөніс егумен айналысатындар әлі егін егу ерте десе, бағбандар бүршік атқан жеміс ағаштарына үсік ұрса, өнімге әсері болады деп алаңдаулы. Қардың мол жауғаны дәнді дақылдар үшін жақсы. Әсіресе күздік бидай тез жетіледі. Жер ылғалды бойына сіңіріп үлгереді. Ауа райына байланысты көкөністі биыл егуді кеш бастайын деп отырмыз,- дейді Ынтымақ шағынауданының тұрғыны Мұрат Ирисов.

«Ақпанда жерді дайындадық, Көшеттер барлығы дайын, Наурыздың соңында күн  жылынғанда көшеттерді отырғызамыз. Қазір екпейміз» , дейді диқан.

Диқанды алаңдатып отырған, ауа райы емес. «Егіншілік кәсібіміз, сондықтан 3 гектардай жер алқабына міндетті түрде қырыққабаттың түр түрін, сәбіз, қызылша егеміз. Бейнетпен еккен өнімімізді сата аламыз ба, карантин жалғаса ма жоқ па, осы мәселе бізді мазалауда»- дейді Мұрат аға.

«Әрекет ету керек. Тоқтап ақлмаймыз ғой, барлығын егеміз»,-дейді диқан.

Тәжірибелі агроном Балтабай Құрбанбаев дамыған заманда әлеуметтік желі арқылы алдағы ауа райын біліп, әрекет етуге болатынын айтады: «Қар тоқтамай осылайша жауса, жеміс ағаштарына еш қауіп жоқ. Алайда  қар тоқтаса, үсік шалады. Одан сақтанудың бір жолы,  ортаға   былтырдан қалған шырпыны жағып, түтінінмен  ағаштарды аман сақтап қалуға болады. Әрине 100 пайыз емес. Өткен аптада күн жылы болып, өрік гүлдей бастап еді, мынадай суықта енді өнім бермейтін шығар. Алайда басқа  аудандарда әлі бүршік атып гүлдемеген болар, олар өнім береді».

Ал синоптиктер болса, «бүгін күні бойы қар жауады, ауа температурасы -7 градусты көрсетеді. Ал сенбі алабұлтты, жекскенбіде күн ашық. Келер аптаның ортасында жауын шашын, сынап бағанасы +10.+11 градус жылылықты көрсетеді. Наурыз айында да осындай ауа райы сақталады,- дейді мамандар.

Шынар Оразова