Кентаулықтар жаңғырту жұмысының сапасына наразы

129

Кентау қаласындағы  көпқабатты үй тұрғындары жөндеу-жаңғырту жұмыстарының сапасыз орындалғанына наразы.

Олар бар кемшілікті түзетіп, жөндеу жұмысын аяқтауды талап етеді. Ал жұмысшылар «барлығын жоспардағыдай жасадық» деп отыр.

Құрылысшылар мына үйді 90 күнде жөндеп бітіруге уәде етіпті. Алайда жұмыс тоқтап қалғанына бір айдан асқан. Шатыр мен подъез ішін әрлеу жұмыстарын бастап, аяқтамай тастап кеткен. Себеп — қаржы жоқ. Тұрғындар жөндеуі бітпей қалған үйде тұруға мәжбүр.

«Мыне өздеріңіз көріңіздер, барлығын тастап кеткен, аяқтамай. Барлығы сол күйінде қалды. Осылайша өмір сүріп жатырмыз»,- дейді  үй төрайымы Нұрсұлу НҰРУЛАЕВА.

Тұрғындар әкімдікке жүгінгендерін, бірақ еш қайыр болмағанын айтады.
Ирада Ташметова, қала түрғыны: «Сымдардың өздері шошайып тұр, есіктерді ауыстырып береміз деген, оны да жасамады. Осында жұмыс істеген қыздарға еңбекақысын төлемепті. Бұл қалай өзі? Әрлеу жұмыстарын өздеріңіз көріп тұрсыздар, бұрынғы сылақты алмай үсітнен жасаған. Осылай жасауға болады ма? Алма сияқты сырты сұлу, іші кемшіліктерге толған».

Кентау әкімдігінің хабарлауынша, былтыр 126 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2025 жылға дейін тағы 120 үйді жаңғырту жоспарланыпты. Мердігер компания жөндеу барысындағы кемшіліктерді кепілдік мерзімі ішінде түзетеді екен.
«Жоспар бойынша бұл көпқабатты үйдің жөндеу жұмыстарына тұрғындар 15 жыл мерзімде төлем жасайды. Ол әрбір пәтердің шаршы метріне байланысты. Құрылыста кеткен кемшіліктерді мердігер кепілдік мерзімде өз есебінен жөндейді»,-«Кентау Құрылыс» ЖШС инженері Азамат АЛМАБЕКҰЛЫ.

Тұрғындар «шала тірліктің ақысын төлемейміз» деп бекініп отыр. Олардың талап-тілегі орындала ма, әлде мердігерді жауапкершілікке тарта ма? Бұл мәселе уақыт еншісінде қалып отыр.

Шынар Оразова