Сәби өлімі: Дәрігерлер қателігі ме?

173

Бағлан Саудашевтің көптен күткен қуанышы қайғыға ұласты. Ер азамат 3 күннен бері облыстық №1 перинаталды орталық есігін күзетумен жүр. Сөзінше, келіншегін толғақ қысып, 2- ақпанда әкелген. Бірақ араға үш күн салып қаралы хабар естіпті.

БАҒЛАН САУДАШЕВ, Түркістан облысының тұрғыны: «Келіншегім босанғасын 1,5 сағаттан соң маған 3 дәрігер келді. Олар маған баланы аман алып қала алмағандарын айтты. Неге олар менің баламның денесін шығармады? Ол мал емес қой. Тіпті өлген малдың денесін иесіне көрсетеді. Бүгін маған мәйітті экспертизаға әкеткендерін айтты. Мен тіпті баламыздың қайда екенін де білмеймін».

Ерлі-зайыптының бұған дейін бір ұлдары бар. Ол да кесір тілігімен туылған. Осылай деген Бағланның келіншегі бұл жолы да ота жасауды өтінген екен. Алайда оған құлақ асқан ақ халатты болмады дейді.

МАЙРА БАЗАРБАЕВА, Түркістан облысының тұрғыны: «Маған «өзің босанасың. Бәрі жақсы» деген болатын. Сосын сағат бірде мені туу бөлмесіне әкелді. Осыдан кейін 9 сағат бойы толғаттым. Баланың жүрек соғысын да тексерді. Бәрі жақсы болатын. Кейін бірден жүрек соғысы нашарлап, мені ота жасауға әкетті. Маған баланың жылағанын естігенше ұйықтама деген. Бірақ, мен оны сол күйі ести аламадым. Содан кейін маған  дәрі егіп, ұйқыға кеттім».

Ал, перинаталды орталық мамандары мұның бәрін өтірікке балап отыр. Сөздерінше Майра Базарбаева «өтірік толғақпен түскен. Және кесір тілігін жасатудан бір емес, үш рет бас тартқан»,- дейді.

АҚМАРАЛ МАХАШОВА, Облыстық №1 перинаталды орталықтың акушер-гинекологы: «Бізде келіншектің өз қолымен жазған қолхаты мен қойған қолы бар. 5-не толғақ басталғасын босану бөлмесіне жеткізілді. Босану барысында баланың өміріне қауіп төнді.  Сосын бірден ота жасалды. Бірақ, бала аман қалған жоқ».

Болжам бойынша шақалақтың шетінеуіне кіндігінің оралуы себеп болыпты. Мұны естіген ата-ана полицейлерді дәл перинаталды орталыққа шақырған. Және тағы бір арызды прокуратураға тастапты.

Назерке Үкібасова