Елімізде ең алғаш болып Шымкент қаласының тұрғыны біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып баспаналы болды, деп хабарлайды «Отбасы банктің» баспасөз қызметі.
– Мен өзімнің зейнетақы жинақтарымның жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін пайдалануға болатынын әлеуметтік желілерден білдім. Онлайн-платформа іске қосылғаннан кейін, келесі күні қаражатты пайдалануға өтінім бердім. Бастапқы жарна ретінде зейнетақы жинақтарымды қолдандым. Ипотеканы «Отбасы банктегі» аралық заем арқылы рәсімдедім, себебі пайыздық мөлшерлемесі және рәсімдеу жылдамдығы ұнады. Сонымен бірге «Отбасы банктің» 3 жылдық жинаққа қол жеткізгеннен кейін заем бойынша пайыздық мөлшерлемесі 5%-ға дейін төмендейтіні қуантты, — деп атап өтті шымкенттік.
Кейіпкер өзінің аты-жөнін жарияламауын сұраған. 1 ақпанда оның арнайы шотына бір жолғы зейнетақы төлемдері түскен.
Салымшының айтуынша, несие бойынша мақұлдама тез берілді.
«Небәрі 3 минут ішінде ол банктің мақұлдауын алды және несиені рәсімдеуге де көп уақыт жұмсалмады. Зейнетақы жинақтарының және «Отбасы банктің» арқасында отандасымыз үй құрылысы аяқталғаннан кейін жаңа шаңырақта қоныс тойын тойлайтын болады», — делінген хабарламада.