Шымкентте «Зергерлік бұйымдар -2021» көрме-жәрмеңке бастау алды. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын үш күнге созылатын көрмеге келіп, зергерлік және әшекей бұйымдарын тамашалауға шақырады.
Гаухар Күздеуова зергерлік бұйымдар көрмесінің алғашқы күні-ақ уақыт тауып құрбысымен келіпті. «Түрлі үлгідегі әшекейлер көздің жауын алады. Есесіне мұнда жеңілдіктер де бар екен», — дейді Шымкент тұрғыны.
Гаухар КҮЗДЕУОВА, қала тұрғыны: «Әйел болған соң зергерлік бұйымдарды сатып алғың келеді. Мұнда жеке шеберлердің дүниелері, фабриканың әшекей заттары ұсынылған. Зергерлік бұйымдар көрмесі бізде сирек өтеді. Бүгінгідей жәрмеңке жиі ұйымдастырылса екен».
«Зергерлік бұйымдар — 2021» биылдыққа ұйымдастырылған алғашқы көрме. Мұнда санитарлық талаптар сақталып, өз бұйымдарын ұсынушылар мен келушілер үшін әлеуметтік қашықтықтың сақталуына жағдай жасалған.
Ұлттық нақышта сақина, жүзіктер жасайтын Икрамжан Мұхамметжан «коронавирус індеті мен сияқты қолөнер шеберлерінің кәсібіне әсерін тигізді. Салдарынан әлеуметтік желіде тапсырыс қабылдауға көштік», деген ол мұндай көрмелер тапсырыс берушілермен жеке кездесіп, пікір алмасуға мүмкіндік береді дейді.
Ұйымдастырушылар «зергерлік бұйымдар көрмесін ұйымдастырудағы мақсатымыз — осы саладағы қолөнер шеберлерін қолдау» деп отыр. Таза еңбектің арқасында нәпақасын тауып отырғандарға карантин кезінде көмек көрсету еді дейді. Ал ұсынылып отырған бұйымдар бағасы нарықтағыдан төмен.
Әшекей бұйымдарға құмар жандар үшін айта кетейік, аталған көрме-жәрмеңке Шымкенттегі Көрме орталығында 13-ші ақпанға дейін жалғаспақ.
Шынар Оразова