Шымкентте медицина қызметкерлерінің 80 пайызы коронавирус вакцинасын салдыруға келіскен. Бұл туралы қаланың бас дәрігері мәлімдеді.

Әзірге мыңға жуық дәрігер «Спутник V» вакцинасының бірінші дозасын салдыртыпты. Кеше түнде осы вакцинаның тағы 1000 дозасы жеткізілді. Мұны вакцинаның бірінші дозасын қабылдаған алғы шептегі дәрігерлерге салады екен.

Шымкентке «Спутник» вакцинасының екінші дозасы жеткізілді. Кеше түнде әкелінген екпені қаланың ақ халаттылары қабылдай бастады. Олар 21 күн бұрын бірінші дозаны салдыртқан болатын. Әйткенмен, дәрігерлердің бәрі бірдей коронавирус вакцинасын қабылдауға келіспепті.

Әзірге тек аз ғана дәрігерге құйылған вакцинаның жаппай жұртқа қашан жетері белгісіз. Міне, сондықтан да Шымкенттің бас санитар-дәрігері Әбдіманап Төлебаев Наурыз мейрамын дүркіретіп өткізбеуге, карантин талабын сақтауға шақырды. Ресейлік екпеден күдіктенбеуді де кеңес етті.

Қазір Шымкентте коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсіп жатқандар саны көп емес. Алайда өте ауыр жағдайда жүгініп жатқан науқастар баршылық екен.

Айта кетейік, Жаңа жылдан бері Шымкентте 15 науқас коронавирустан көз жұмды. Жұқпалы дерттен емделіп жатқандар саны 200 адамнан асады.

Назерке Үкібасова