Төлеби ауданының әкімі тағайындалды

338

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданында болып, ауданға жаңа әкім тағайындады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен, ротация тәртібімен Төлеби ауданының әкімі лауазымына ұсынылған Төлеген Тұртайұлы Телғараевтың кандидатурасына аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Жаңа әкімді аудан активіне арнайы таныстырған Өмірзақ Естайұлы оның алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

Облыс әкімі ауданның жаңа басшысының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен тәртіпті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттер жүктеп отыр.

Өмірзақ Естайұлы Төлеби ауданын үш жыл басқарған Бауыржан Омарбековке басқа қызметке ауысуына байланысты сәттілік тілеп, өңір дамуына үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.

«Төлеби ауданы — табиғаты керемет, ерекше аудан. Туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Жаңа басшыға көптеген маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамту әрі қарай жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығын озық технологиялармен жабдықтап, инвестиция тарту керек.
Қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтай отырып, аудан тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырамын»,- деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Төлеген Телғараев өзіне сенім артқан барша азаматтарға алғысын жеткізіп, алдағы уақытта Төлеби ауданының дамуы мен өркендеуі жолында бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Айта кетейік, Т.Т. Телғараев 1973 жылы Түлкібас ауданында туылған. Білімі жоғары, мамандығы – инженер-механик, экономист-қаржыгер.

Еңбек жолын 1990 жылы Шымкент автокөлік кәсіпорынның құрылыс ауласының бетоншысы ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметті өткеруді
1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы аумақтық жекешелендіру комитеті мемлекеттік акция пакеттер және мемлекеттік қатысу үлесі бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған. 2004-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының коммуналдық меншік департаменті жалға беру және жекешелендіру бөлімінің бастығы, осы облыстың қаржы департаментінің мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті еңбек рыногы және квоталау бөлімінің бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысының қаржы департаменті директорының орынбасары лауазымдарын атқарған.

2008 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қаржы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет еткен. 2016 жылдан бері Қазығұрт ауданының әкімі болды.