Жол ережесі: 13 ақпаннан бастап не өзгереді?

133

Қазақстандық жүргізушілер ақыры көлік жүргізу куәлігінсіз жүретін болды. Жаңа заң жобасын өткен аптада ел Президенті мақұлдаған еді. Енді ол екі аптадан кейін күшіне енеді. Осылайша 13 ақпаннан бастап көлік иелері тек жеке куәлікпен рөлге отыра алады.

Серік ТҮСІПОВ, ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары: «Ағымдағы жылдың бірінші ақпанында Мемлекет басшысы жол жүрісі мәселесі бойынша заңға қол қойды. Бұл заңмен жүргізушілер жеке басын куәландыратын құжат болатын кезде Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігімен автокөлік техпаспортын өзімен бірге алып жүруіне болады».

Жолға көлік құжатынсыз шығуға болатынын естіген жүргізушілер де дән риза. Солардың бірі шымкенттік – Нұргелді Сәдуақас. 5 жылдан бері көлік тізгіндеп жүрген ол құжатты талай рет үйіне қалдырып, жолға шыққанын айтады.

Нұргелді СӘДУАҚАС, Шымкент қаласының тұрғыны: «Құжатты қалдырып кететін кездер болатын. Ондай уақытта рөлде отырып алаңдайсың. «Полиецйлер тоқтатар ма екен?»,  деп. Енді үйден еш алаңсыз шыға берсек болады».

Еске салайық, бұған дейін көлік құжатынсыз шыққан жүргізушілер ескерту алатын. Осылай деген полицейлер жаңадан іске қосылған СОС 102 шұғыл байланыс бағдарламасы жайлы да мәлімдеді. Енді ғана іске қосылған орталыққа бір апта ішінде 239 хабарлама келіп түскен. Оның 127-сі шұғыл ақпарат болса, 112-сі бағдарламаны тексеру үшін хабарласқан.

Нұрділдә ОРАЗ, ҚР ІІМ ресми өкілі: «Бір апта ішінде 102 нөміріне 239 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 112 жағдай азаматтар мобильді қосымшаның жұмысқа қабілеттілігін тексерді. 127 өтініш пен хабарламалар бойынша полицияның шұғыл ден қоюы талап етілді».

Бұдан бөлек мамандар былтыр қылмыстың 37 пайызға азайғанын айтады. Ел арасында әсіресе зорлау мен ұрлық сиреген. Бұл туралы республиканың бас полицейі мемлекет басшысы алдында баяндаған болатын.

Назерке Үкібасова