Қайтарымсыз грант: Жеңімпаздар келесі аптада анықталады

352

Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты аясында қайтарымсыз мемлекеттік грант иегерлерін анықтау бойынша комиссия жұмысын жалғастыруда.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, қазіргі таңда 8,5 мың өтініш өңделуде. Олардың арасынан 600 грант иегері іріктелініп алынады. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз «Логопед-дефектолог» бағыты бойынша былтыр қайтарымсыз мемлекет грантына ие болған — Сана Мамырова.

Шымкенттік Сана Мамырова ерекше балалармен жұмыс жасайды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша 555 мыңнан астам теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған жас маман бүгінде қаладағы клиникалардың бірінде бөлме жалдап, өзінің сүйікті ісін жалғастыруда.

 

Сана Мамырова, дефектолог-логопед, қайтарымсыз мемлекеттік грант иегері:
«Бастау бизнес» курсын оқыдым, арманыма жеттім, мемлекеттік бағдарлама бойынша грантты ұтып алдым. Былтыр күз айынан бері жұмысымызды бастадық. Нәтиже бар.   Ерекше балалар сөйлеп, ата-аналары ризашылығын білдіріп жатыр. Бұл  жігерлендіреді, қуаттанамын».

Қала тұрғыны Умида қызы Сафинаның дефектолог-логопедтің қабылдауына келгеніне көп уақыт өте қоймаса да, қызығушылығы артып, өз ойын жеткізуге тырысып жүр дейді. Айтуынша, мұндағы маман өз ісіне жауапты.

Умида, Сафинаның анасы: «Мұнда жаңа микрополиризация  әдісін қолданады екен. Осыған дейін де кәсіби мамандардың көмегіне жүгінгенбіз. Бұл жолы жақсы нәтиже болатынына сенімдіміз. Қызымыз да бар ынтасымен тырысып жаттығуларды үйде қайталайды».

Былтыр «Еңбек» бағдарламасы бойынша Шымкентте 7 722 азамат кәсіпкерлерді қолдау шараларына қатысқан болатын. Олардың 74-і шағын несие алса, 4828 тұрғын қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болған. Биыл да ниет білдірушілер жеткілікті.
«26 наурыздан бастап бір күн онлайн өтінім қабылдау болды. 8 жарым мың өтініш түсті. Олар өңделуде. 600 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие  болады»-дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығының өкілі  Мая ӘЛІБЖАНОВА.

Еңбек мемлекеттік бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша жеңімпаздар есімі келер аптада анықталмақ. Грант сомасы 555 650 теңге. Бағдарламаға қатысты барлық мәліметті Еңбек.кз сайтынан біле аласыздар.

Шынар Оразова