Шымкент қаласының қақ ортасында бойжеткенді алып қашты. Көлікке мінуден бас тартқан оның айғайын сол маңдағы куәгерлер видеоға түсіріп алған.
Айғай-шу болған аумақтың тұрғындары жағдайдың түнгі сағат екіден өте орын алғанын айтады. Сөздерінше, мұндай бассыздық бұл тұрғын үй алдында көп болмайды. Әрі айғайлаған қызды да танымадық дейді. Бойжеткенді осы маңдағы мейрамханадан шықты деп болжаған олар алып қашу операциясының көзді ашып жұмғанша орын алғанын айтады. Және айтуларынша, айналасындағылардан көмек сұраған қызды әлдекімдер Нексия маркалы көлігіне күштеп отырғызып әкеткен.
Ал, полицейлер болса, түн ортасында қызды алып қашқандардың сол күйі табылмағанын айтады. Сөздерінше тек осы бейнежазбаны түсірген азаматша ғана анықталған. Көлікке мәжбүрлі түрде отырған бойжеткеннің де әзірге кім екені белгісіз. Бұл оқиға бойынша полицейлер бас бостандығынан заңсыз айыру бабы бойынша тергеп тексеру жұмыстарын бастап кетті.
Назерке Үкібасова