Шымкентте V жастар спорт ойындарының ашылу рәсімі өтті

273

Шымкентте спорттан республикалық жастар ойыны басталды. 4 жылда бір өтетін бәсекеге қатысушылар 17 аймақтан жиналған. Олар спорттың 36 түрінен бақ сынайтын болады.

Айта кетейік, шаһарда спорт жарысы араға біраз уақыт салып қайта жалауын көтерді. Ал, оны ашуға Олимпиада чемпиондары арнайы келді.


Елімізде енгізілген карантинге қатысты Шымкентте спорт бәсекелері біраз уақыт тұралап қалған еді. Енді міне араға біршама уақыт салып спорттан жастар ойыны жалауын көтерді. Оған қатысу үшін атлеттер еліміздің 17 аймағынан жиналды. Спорттың 6 түрінен өтетін турнирді Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ашып берді.

Айта кетейік, жалпы жастар ойыны спорттың 36 түрінен өтеді. Оның ішінде көркем гимнастика, оқ ату, садақ ату, стенд ату, бадминтон және гандбол жарыстары үшінші мегаполисте ұйымдастырылмақ. Осылай деген ұйымдастырушылар бұл жарыстың спортшылар үшін маңызы зор дейді. Себебі аталмыш аламан жүйріктерді ұлттық құрамаға іріктеуге арналған.

Күні бүгін басталған жастар ойыны Шымкентте шілдеге дейін жалғасады. Алдымен мергендер, кейін гимнасттар, содан соң садақ және стенд ату шеберлері өз бақтарын сынайды. Ал, жазға жақын бадминтоншылар мен гандболшылар өз аймақтарының намысын қорғайды.

Назерке Үкібасова