Түркістан облысының әкімі аймақ ақсақалдарымен кездесті. Карантин басталғалы жүздеспеген халық пен билік өкілдері бірқатар мәселені талқылады.
Экономикадан бастап өңірдегі қордаланған тақырыпты айтқан олар билер кеңесін де құруды жоспарлап отыр.
Түркістан облысында билер кеңесі құрылмақ. Бұл туралы ақсақалдармен кездескен аймақ басшысы ұсыныс жасады. Өмірзақ Шөкеевтің сөзінше күнгейге ақсақалдар алқасы қажет. Осылайша олар ел арасындағы мәселелерді бірлесе шешпек. Айта кетейік, кездесуге Жетісай ауданының ақсақалдарымен қоса, облыстық мәслихат хатшысы, ардагерлер кеңесінің төрағасы да келді.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Елдің жағдайын біліп, шындықты, шынайылықты, болып жатқан тірлікті білгім келеді дегеніңіз өте дұрыс. Қазіргі жағдайда ара-қашықтық, карантин деген бар. Оның үстіне бір-бірімізді сақтауымыз керек. Бір-бірімізді сақтай отырып, елдің елдігі мен бірлігі, ертеңгі ынтымаққа келеміз. Бұны біз қолдаймыз. Басқа жақпен салыстырғанда кішкентай да болса жеңілдік болып, халыққа жағдай жасағандарыңызды көріп отырмыз.»
Бұдақ бөлек аудан ақсақалдары аймақтағы әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық тақырыптарды да қозғады. Күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелерді ортаға салған оларға әкім өз жауабын берді.
Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Түркістан облысының әкімі: «Аудандарға барған кезде ақсақалдармен кездесіп тұрамын. Бұрынғыдай көпшілікпен, көп жиынға қатысуға қазір тыйым салынғанын білесіздер. Осындай жиынды ұйымдастыра бастаймыз. Әр ауданнан ақсақалдарды жинап, қандай оңды жағдайлар, қандай кемшіліктер болып жатқанын талқылаймыз. Өйткені ардагерлер елдегі болып жатқан жағдайларға қанық. Бүгін Жетісайдан бастаймыз. Ол жерде көптеген жұмыстар жасалды, оны білесіздер»
Карантин басталғалы тұңғыш рет кездескен тараптар енді мұндай жүздесулердің тоқтамайтынын айтып тарқасты.
Назерке Үкібасова